Әкімдер жалдау ақысы мен коммуналдық шығындарды өз қалтасынан төлейді, деп хабарлайды Paryz.kz, informburo.kz-ке сілтеме жасап.
31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасының тілшілері қай аймақ басшылары пәтер жалдап тұратынына зерттеу жасады. Бұл қатарда Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облыстарының басшылары бар.
Мәселен, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жаркенттегі резиденциясынан бас тартып, оны балаларға бергені өткен айда мәлім болған. Ол өзі Талдықорған қаласында пәтер жалдап тұрады. Ал Қарағанды облысының басшысының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, Жеңіс Қасымбек Қарағандыдағы "Жаңа орталық" ықшамауданында пәтер жалдайды.
"Облыс әкімі тұрғын үйді өз қаражаты есебінен жалдап тұрады. Сондай-ақ, бюджетте бұған қаржы қарастырылмаған. Коммуналдық төлем қызметтерін өз қаражаты есебінен төлейді. Сондай-ақ, жекеменшікте Нұр-Сұлтан қаласында пәтері бар", – деді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Нұржан Саршаұлы.
"Жаңа орталық" ықшамауданында 3-4 бөлмелі пәтерді жалдау құны 200 мың теңге шамасында.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордадағы элиталы мөлтек ауданда бір қабатты жер үйді жалдап тұрады.
"Айына пәтер ақысы – 250-300 мың теңге. Коммуналдық шығындарға 40-45 мың теңге қаржы жұмсайды. Облыс әкімінің жекеменшік иелігінде Нұр-Сұлтан қаласында үш бөлмелі пәтері, қала сыртында саяжай үйі бар", – деді Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы Абай Тағыберген.
Арна тілшілерінің хабарлауынша, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та әкімдік балансындағы үйді жалдап тұрады. Қызметтік үйді ай сайын жалдап тұруы мен коммуналдық қызмет ақысы үшін әкім 100 мың теңге төлейді. Сапарбаевтың баспасөз хатшысының мәліметінше, әкімнің Алматыда 3 бөлмелі пәтері бар.