Әйелдерді әкімдік “Алтын алқа” наградтарымен марапаттау үшін арнайы шақыртқан. Алайда көпбабалы аналардың айтуынша бұл рәсімде тиісті сый-құрмет көрсетілмеген, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау қаласының тұрғыны Гаухар Қалыбаеваны 4 наурыз күні халықаралық әйелдер мерекесіне орай әкімдікке шақыртқан. Келген кезде аналар бір-бірінің артынан кезекке тұрып, кейін кабинетке кірген кезде оларға үстелден “Алтын алқа” наградасын алып, үш жерге қол қоюларын сұраған. Рәсім осылайша аяқталған.
“Бәріміздің көңіл-күйіміз түсіп кетті. Биліктің көпбалалы аналарға деген құрметі соншалықты қалмаған ба? Жақында полицей әйелдерді салтанатты түрде марапаттап, құттықтады. Біз де ел болашақтарын тәрбиелеп отырған анамыз ғой. Неге бізге тиісті құрмет көрсетілмеді?”-деді Гаухар Қалыбаева.
“Олар тіпті бір тал гүл де сыйламады. Қолымызға алқа мен кітапшаны ұстатты. Тіпті бір ауыз құттықтау сөздерін де айтпады”,-деп ренжіді тағы бір алтын алқа иегері Динара Құдайбергенова.
Әкімдік болса бұл жағдайды сол күні жоспарланған іс-шаралардың көп болғандығынан, атап айтқанда "Алтын алқа" және "Күміс алқа" құрмет белгілерімен марапаттауға бірден 79 әйелдің келу себебінен физикалық түрде үлгере алмағандарын айтып ақталды.
Алтын алқа жетіден көп бала дүниеге әкелгендерге берілсе, күміс алқа алты балалы аналарға табысталады.