"Иә, кей көрермендер жазып жатқандай, қаралы хабарды кейіпкерді эфирге шығармай-ақ жеткізуге болар еді"...
Qazaqstan ұлттық арнасындағы "Қымбат жандар" бағдарламасына келген бойжеткенге ағасының қазасын эфирде естірткеннен кейін сынға қалған тележүргізуші Қымбат Досжан әлеуметтік желідегі парақшасында көпшіліктен кешірім сұрады, деп хабарлады paryz.kz, malim.kz-ке сілтеме жасап.
Әуелі Қымбат Досжанның сол жазбасын айна-қатесіз келтірсек:
"Қымбат жандар" хабарының бір шығарылымына қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Осыған байланысты түсінік беріп өтсем.
"Қымбат жандар" хабарына А.Дүйсеновтің туыстары іздеу салды. Бағдарламаны эфирге дайындау барысында А.Дүйсеновтің осыдан 6 жыл бұрын қаза тапқаны анықталды. ІІД өкілдері де осы күнге дейін бұл азаматты бірде-бір адам іздемегенін, ресми түрде арыз берілмегенін, тек бағдарлама редакциясы ғана іздеп хабарласқанын айтты. 3 ай моргта жатып, сосын жерленген екен.
Иә, кей көрермендер жазып жатқандай, қаралы хабарды кейіпкерді эфирге шығармай-ақ жеткізуге болар еді. Бірақ қалалық зиратта үй-күйсіз, құжатсыз жүріп қайтыс болған азаматтар өте көп. Бір ғана біз іздестірген А.Дүйсенов 246-шы нөмірмен жерленген. Заң талаптарын, қайда хабарласып, кімнен көмек сұрауды білмейтіндер көп. Хабарсыз кеткен туысына әлі күнге дейін ресми түрде арыз жазбай, "келетін шығар" деген үмітпен жүргендер қаншама. Аты-жөнімен емес, нөмірлеп жерленгендердің туыстары тым болмаса сүйегін іздеп тапса деген ой болды. Сіздер талқылап жатқан хабарға қатысқандар да түсірілім аяқталғаннан кейін марқұмның рухына құран бағыштады. 6 жылдан кейінгі бағышталған құран.
Біз бұл бағдарламаны рейтинг үшін емес, жақынын жоғалтқандарға көмектесу мақсатында дайындаймыз. Бұл оқиға бойынша атқарған жұмысымыз игілік емес, қателік болса көпшіліктен кешірім сұраймыз. Және "бір күні айналып келіп қалар деп емес, қымбат адамыңыз жаныңыздан жырақтаса, әрекет етіңіз" дегіміз келеді", - дейді Қымбат Досжан.
2 қараша күні ұлттық арнаның эфирінде ағасы Асылбекті ідеп келген Зульфияға тележүргізуші Қымбат Досжан ағасы, отбасы туралы сұрақ қойып, әбден сөйлетіп алған соң, сюжет көрсетіп, онда ағасының астана аязында үсіп өлгенін естіртеді. Ағасының бұл пәниде жоқтығын сюжеттен естіген бойжеткен еңіреп жылап сала береді. Жүргізуші Қымат Досжан ағыл-тегіл жылап отырған жас қызға "Біз өздеріңді Маңғыстаудан хабарға келіңдер деп шақырған кезде дәл осындай хабарды айтамыз деп ойлаған жоқпыз" деп ақталады. "Жыла, жылаңыз, ағаны жоқтайтын қарындастың барына шүкір" деп жұбату айтқандай болады.
Бағдарламаға үмітін арқалап келген жас қыздың сезімін азаптап, қайғыдан рейтинг жасаған бағдарлама журналистік этиканы өрескел бұзғаны үшін әлеуметтік желіде сынға алынды. Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінетін ұлттық арнадағы бағдарламаның біреудің қайғысы арқылы көрермен жинауын асқан цинизм мен арсыздыққа балағандар көп болды.