Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға ҰҚК-ның қатысы болды ма?

Бүгін Мәжілісте сөйлеген «Ақиқат» комиссиясының жетекшісі Айман Омарова қаңтар оқиғасына қатысты бүгінге дейінгі жұмыс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап.

Қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға ҰҚК-ның қатысы болды ма?
Сурет: Halyk-uni.kz

Айман Омарованың айтуынша, қаңтар оқиғаларына кемінде 2 жыл дайындалған. Ал террористік ұялардың бары туралы ақпарат одан да бұрын шыққан.

«БАҚ берген мәліметтерге қарасақ, қаңтар оқиғалары кезінде топты басқару технологиясы қолданылған. Яғни топты жинау, оларды қылмыстық құқықбұзушылыққа итермелеу. Соған қарай отырып, оларды кәсіби түрде дайындалған топтар басқарып отырған деген тұжырым жасауға болады. Және басқарушылар ішінде жәй азаматтар ғана емес, сонымен бірге арнайы қызмет пен криминалитет өкілдері де болған дегенге саяды», - деді адвокат.

Оның пікірінше, ақпараттық дайындық қазіргі президентті қоғам мен халық алдында дескредитациялау, БАҚ пен әлеуметтік желілерде президент туралы жағымсыз пікір қалыптастыру мақсатын көздеген. Кейбір шенеуніктердің президент тапсырмасын әдейі бұрмалауы, қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегілерді кейін өз пайдасына қолдану үшін радикализациялау, бизнесті тартып алу жайттары болған. Мысал ретінде қордайлық Есбол Жаппасов пен ШҚО-дағы Ғалымжан Нақбаевты келтірді.  

Нақбаев ісі бойынша, қоймадан әсері күшті у – калий ционидінің бірнеше бөшкесі қолды болған. Ал ол заттың небәрі 500 грамы бір қала халқын әлсіретуге жеткілікті. Одан бөлек, қоймаларда каустикалық сода, азот қышқылы және басқа да химиялық заттар болған.

«Осы істердің бәріне ҰҚК өкілдерінің қатысы бар: қылмыстық топтарды, бизнесті бүркемелеу, шетелден келетін контрабанда, есірткі, қолма-қол ақша ағымын бақылау, шетелдіктердің шекарадан этникалық қазақ ретінде кіруін қамтамасыз ету, БАҚ-ты бақылау және басқа. Біздің ойымызша, қаңтар оқиғаласда билікті мәжбүрлі түрде басып алу талпынысы болғаны сөзсіз. Ал осы оқиғалардағы қалған қылмыстық құқықбұзушылықтың бәрі басты мақсатқа жетудің әдісі ғана болған. Маңғыстау облысы тұрғындарының наразылыққа шығатынын біле тұра газ бағасын бірден өсіру болды», - дейді Айман Омарова.

Сондай-ақ «Аманат» комиссиясының жетекшісі құқық қорғау органдары басшыларының баяндамаларында Мәсімов пен орынбасарлары және ҰҚК-нің өңірлік басшыларына қатысты терроризм актісі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгені туралы ақпарат жоқтығына назар аудартты. Яғни, терроризм актісін орындаушылар бар, ал ұйымдастырушылар туралы ешкім үндемейді.

Комиссия жетекшісінің сөзінше, президентті дескридитациялаудың екінші сатысы – ҰҚК-нің сол басшыларының басқаруымен ІІМ қызметкерлері жасап жатқан түрлі азаптаулар.

«Және бір жайт, комиссия ақпараты бойынша, 2019 жылдан бері Қазақстанға Ауғанстан мен басқа да елдерден келіп, белгілі бір статуспен тұрып келген, алайда қаңтар оқиғаларынан кейін олардың мәліметі жойылған тұлғалар көп. Ал өздері Түркия мен Еуропаға тайып тұрған.

Қазір ІІМ Әскери тергеу басқармасы Сағындықовтар отбасы мүшелерін өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. ҰҚК арнайы жасағы өкілдері 7 адамнан тұратын отбасының мүшелерін атып тастаған. Екеуі сол жерде қаза тауып, тағы бірі жараланған. ҰҚК осы істі тергеуге кедергі жасап отыр. Сондықтан істі арнайы прокурорларға беруді сұраймыз», - дейді Айман Омарова.