Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Мөлдір Әуелбековамен қатысқам» - экс-әнші панасыздарға арналған орталықта тұрып жатыр

2004-2007 жылдары қазақстандық көрермендердің ықыласына бөленген Super Star KZ байқауының екінші кезеңінде үздік 50 қатысушының тізіміне еніп, номинант атанған Владислав Паленис елордадағы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығында» тұрып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kzHalyq Uni-ке сілтеме жасап. 

«Мөлдір Әуелбековамен қатысқам» - экс-әнші панасыздарға арналған орталықта тұрып жатыр
Сурет: Halyk-uni.kz

Владислав Паленис Ақмола облысындағы Аққөл ауданының балалар үйінде өскен. Super Star KZ жобасына дейін «Бозторғай», «Таңшолпан» сияқты республикалық және халықаралық конкурстарға қатысқан.

«Жетімдер үйінен шыққан соң опера әншісі және музыка мұғалімі мамандығы бойынша Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжде оқыдым. Сонда екінші курста оқып жүргенде астанаға анамды іздеп келдім. 18 жасымда даяшы болып жұмыс істеп жүріп, байқау туралы естідім. Қарызға 100 доллар алып Алматыға бардым. Super Star KZ жобасының екінші кезеңіне Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Түнтековтермен бірге қатысып, қазақша, орысша, ағылшынша ән айттым. Дауыс беру кезінде аз дауыс алып, финалға өте алмай қалдым», - дейді ол.

Владислав Паленис елордадағы панасыз жандарға арналған орталыққа қалай тап болғанын түсіндірді. Ол әйелімен ажырасқан, бір айдан бері орталықта тұрып жатыр.

«Байқаудан кейін астанада баспана кезегіне тұрып, он жылдан соң пәтерімді алдым. Жақында мен ол үйді саттым. Әйеліммен ажырасқан соң балаларыма алимент төлеуім керек болды. Қарызым көбейіп кеткен соң жалғыз баспанамды сатуға тура келді. Қалған ақшаға ұлым мен қызыма Алматыдан үй алып бердім. Сөйтіп мен далада қалдым. Бір жақсы танысым осы орталық туралы айтты. Бір айдан бері осында тұрып жатырмын. Туыстарым бар, бірақ олар мені балалар үйіне бірде-бір рет іздеп келіп, көмектескен емес. Алайда мен аяққа тұрып, үй алғанда араласа бастады. Қазір пәтерім, жұмысым жоқ, сондықтан көп араласпаймыз», - деп толықтырды ол. 

Еске сала кетейік, Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және өзге де көмектерді көрсетеді. Белгілі тұрағы жоқ, құжатсыз жүрген азаматтар аталған орталықта уақытша тұрып, тиісті әлеуметтік қызметтерді ала алады.