Елорданың орталығында екі адамды түлкі тістеп алды

Нұр-Сұлтанда 15 минуттың ішінде екі тұрғын түлкі тістеп алды деген шағыммен дәрігерлердің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Paryz.kz,  Stan.kz -ке сілтеме жасап. 

Елорданың орталығында екі адамды түлкі тістеп алды
Сурет: Stan.kz

Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Анықталғандай, 8 наурыз күні "Керуен сити" сауда үйінің аумағында әйелдердің бірін түлкі тістеп алған.

"Екінші тұрғынды "Думан" қонақүйі жағынан орталық саябаққа қарай келе жатқанда кезде түлкі тістеген. Жануар әйелдің ізінен еріп, аяғын тістеді. Екі жағдайда да жәбірленушілер түлкіні ызаландыратын ешқандай әрекет жасамаған", - деп хабарлады санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Елорданың травматологиялық пункттерінде зардап шеккендерге құтыруға қарсы көмек көрсетіліп, кешенді емдеу жүргізіліп, зардап шеккендер аумақтық емханаларда терапевтік-профилактикалық егу жұмыстарын жалғастыратыны атап өтілді.

Елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды жабайы және қаңғыбас жануарлармен байланысқа түспеуге шақырады.