Белгілі сықақшы Асқар Наймантаев әлеуметтік желіде көне домбыраның өте арзанға сатылғаны туралы айтты деп хабарлайды Paryz.kz, turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
«Шебердің қолынан ойылып жасалған мына домбыраны бір пақыр OLX-та 7 мың теңгеге сатпақ болыпты. Абырой болғанда домбыраның қасиетін білетін бір азамат көріп, қайтер екен деп саудаласса керек. Ал сатушы бағаны 5 мыңға түсіріпті. Сөйтіп сатып алған екен… Қолға ұстап, шертіп көрдім, күмбірлеп, күңіреніп тұр!», – деді әртіс.
Асқар Әбдіғалымұлы жәдігердің қажетсіз болып қалғанына қынжылды.
«Әкеден қалған дүние шығар… Балалары домбыра тарта алмайтын болған соң осылай тиынмен бағаланып кете береді. Құнсызданып барамыз-ау…», – деді Асқар Наймантаев.