Алматы қаласында ер адамдар әйелдер мерекесіне арнап қызғалдақ, раушан және бақыт гүлін көптеп алады, деп хабарлайды Paryz.kz, 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Алматы қаласында ер адамдар әйелдер мерекесіне арнап қызғалдақ, раушан және бақыт гүлін көптеп алады.
Науқан кезінде олардың бағасы 800-900 теңгеден басталады. Кәсіпкерлер гүл саудасының 9 наурызға дейін тоқтамайтынын айтады. Одан кейін адамдар легі азайып, баға да төмендейді.
"Көптеген ұйым алдын ала тапсырыс береді. Кейде кешке дейін тапсырыс беріп жатады. Шыны керек, 3 рет бардым. Енді кешкі уақытқа арнап тағы да гүлдер әкелуге тура келеді. Артығымен алып жатырмыз. Соның өзінде қазір көптеген ұсыныс түсіп жатыр", – деді кәсіпкер Жасұлан Дүйсекенов.
Ал Таразда ер азаматтар көбіне 8 наурыз мерекесіне арнап сүйіктілеріне әртүрлі көлемдегі таба пен табақ алып жатыр. Менеджерлердің айтуынша, дәл қазір ыдыс-аяқтарға деген сұраныс артқан. Оны көбіне орта жастағы азаматтар алып жатыр. Сондай-ақ, орта жастағы ер азаматтар газ пеші, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техникаларды таңдауда. Ал жастар негізінен смартфон таңдауда.
"Жастар мен үлкен кісілер аналары мен жұптарына арнап алып жатыр. Негізінен "айфон", "самсунг" және құлаққаптар таңдайды", – деді сатушы Жәнібек Жүнісбеков.
Мұнымен қатар, ер адамдардың сүйіктілеріне алтын сыйлағанды ұнататыны белгілі болды. Сол себепті 8 наурыз қарсаңында алтын бұйымдарға сұраныс артқан.
"Әйелдер гауһар тасын жақсы көреді. Ал ерлер өз кезегінде сүйіктілерінің көңілінен шыққысы келеді. Олардың бағасы 200 мыңнан басталып 1 миллион теңгеге дейін барады. Кейбір ер азаматтар әріптестеріне сертификат сыйлайды", – деді сатушы Елена.