Ақмола облысы Қосшы қаласында "Dimond park" тұрғын үй кешеніне үлескер болып іліккендер, әлі күнге дейін құжаттарын рәсімдей алмай не үйдің кілтін ала алмай зар жылауда. Үлескерлер құрылыс нысанына Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап жазылған хабарламалары бар плакаттар ілуде. Олар Президенттен көмек сұрайды, деп хабарлайды Paryz.kz, блогер Дәулет Төлеутайұлының Instagram парақшасына сілтеме жасап.
"SOS! Тоқаев, көмектесіңіз... Біз үйсіз қалдық дейді алданып қалған ҮЛЕСКЕРЛЕР. 2017 жылы Қосшыда салынып бастаған "Dimond park" тұрғын үй кешені әлі тұр. Қаншама адам ақшасын төлеп қойса да, үйсіз-күйсіз күн кешуде. Үлескерлердің жан-айқайын тыңдайтын біреу бар ма екен?
PS: жалпы оқырмандарыма айтарым, арзан үйге жүгірмеңіздеп. ДДУ немесе ФГЖС сұраңыздар. Сол кезде ұйқыңыз тыныш деген сөз. Доллар 500-ге жеткен заманда құрылыс компанияларына да оңай емес", - деп жазды Дәулет Төлеутайұлы.
Желі қолданушылары құрылыс компаниясының басшылығын жемқорлық үшін айыптау, кейбіреуі тіпті жобаны алаяқтардың ісі деп пікір жазды.
"Осы домнан біз де алғанбыз сол әлі документы жоқ уже 3 жылға кетіп жатыр - оны документын алмай даже сата да алмайсың", "Сол даймонд парктің пәтерлері тым арзан еді. Содан іштей күмәнданып салмап едім ақшамды. Алаяқтардың схемасы сол баяғы, үлкен жоба жасап алады, содан көзге көрінердей қылып бір бөлігін бітіріп береді де бәріне жар салады, міне керемет үй саламыз деп", "Доллар қазір 500, бұлар 2017 жылдан бері әлі жүрғой ақша алып алған үйлерін жасап бітпей…Осындай жемқорларға сонда заң жоқпа?", - деп ызалануда желі қолданушылары.