Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Апат айтып келмейді»: СҚО-да 240 үйді су басуы мүмкін

Қазір құтқарушылар бұл елді мекендерді бақылауға алып, көктемгі тасқынның алдын алу жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Paryz.kz, «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

«Апат айтып келмейді»: СҚО-да 240 үйді су басуы мүмкін
Сурет: Хабар 24

Апат айтып келмейді. Бірақ қауіптің келетіні бар. Оны Петропавл іргесіндегі Тепличное ауылының тұрғындары жақсы біледі. Елді мекенде 240 үйді су басуы мүмкін. Қазір мұнда бұған дейін салынған бөгет биіктетіліп жатыр. 

"10 мың текше метр материал алынып отыр. Сол қазір міне, енгізіліп, осы жерге әкелініп тасылынып жатыр. Осы материалды кейінірек су бөгетінің үстіне тағы да  бекітіледі", - деді Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Қайсар Әмірин.

Көктемде кіші өзендер мен еріген қар Сергеев су қоймасын толтырады. Топан су ернеуінен асқан соң Есіл өзенімен 18 ауылды бойлай облыс орталығы – Петропавлға жетеді. Қазір қалада 200 шақырым суағар тазартылып жатыр. 

Бүгінгі күні суағарлардың жартысы қар мен мұздан тазартылды. Орталық көшелерді аяқтадық. Енді қаланың шеткі аудандарына көшеміз, - деді су тазарту мекемесінің директоры Павел Булаев

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында су басуы мүмкін деген 85 ауыл бақылауға алынды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, биыл Сілеті өзенінің бойындағы қар қалың. Оған қойманың суы қосылса қос бүйірден қысуы мүмкін.

Сілеті өзені Уәлиханов ауданындағы Қаратал мен Қулыкөл ауылдарына қауіп төндіреді. Сондықтан ол жаққа жұмыс тобын алдын ала жібереміз. Қазір қалың қар ери бастады. Нақты жағдай наурыз айында белгілі болады, - деді облыстық ТЖД басшысы Рамиль Камалов

Өңірде көктемгі тасқынның алдын алу мен оның зардабын жою үшін 675 млн теңге қаржы қоры құрылды. Синоптиктердің айтуынша, осы айда қар жиі жаууы мүмкін.