Мәжіліс депутаты Дания Еспаева "Қазақстан темір жолы" мен "Қазтeмiртранс" компанияларының монополиялық жағдайы темір жол тасымалындағы бағалардың шаруықтауына алып келгенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Депутат біраз мәселенің бетін ашып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасына сауал жолдады.
"Бізге қиыршық тас өндіріп, сатумен айналысатын кәсіпкерлер жүгінді. Компаниялар өздеріне қатыс жоқ шығындардың пайда болуына байланысты тауарларын қымбаттатуға мәжбүр. Бұған бірден бір себеп — темір жол тасымалындағы тарифтердің өсуі және жүктерді тасымалдауға арналған вагондардың тапшылығы", — дейді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, қазіргі кезде нарықта "Қазақстан темір жолы" компаниясының жүктерді тасымалдау мен вагондарды жеткізу саласындағы монополиясы салдарынан баға шарықтап, кәсіпкерлерге ыңғайсыз жағдай тудырған.
"Мәселен, жүк тиеу үшін вагондарды "Қазтеміртранс" немесе басқа компаниялар береді. Ал оларды тартатын локомотивтерді "ҚТЖ — Жүк тасымалы" компаниясы ұсынады. Дәл осы локомотивтердің жетіспеушілігіне байланысты вагондар темір жол бекеттерінде ұзақ уақыт бойы тұрып қалып, сол үшін айыппұл төлеуге мәжбүр", — дейді депутат.
Осы жылдың ақпан айынан бастап "Қазтеміртранс" компаниясы вагондардың жұмыс істемей, тұрып қалған уақыты үшін жаңа тарифтер енгізген. Мәселен, бұрын тұрып қалған вагондар үшін 1 сағатқа 205 теңге төлейтін, ал қазір сағатына қарамай, әрбір тәулікке 12 500 теңге төлеуі қажет.
Ең қызығы, вагон паркі "Қазақстан темір жолына" тиесілі болған кезде, жүк тасымалына қатысты еш түйіткіл туған емес. Бар мәселе бүкіл парк "Қазтеміртранс" компаниясына беріліп, тасымалдаушы ретінде "ҚТЖ — Жүк тасымалы" жарияланғанда басталған. Бірте-бірте вагондар паркі жалдау шартына көшіп, жеке компаниялардың қолына өтіп кетті. Осыдан кейін делдал компаниялар шығып, баға өсе бастады.
Депутат аталмыш компанияларға тексеріс жүргізуді сұрап, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын мемлекеттік органдарға жолдады.