Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Алпауыт компанияларға салынатын салықты көтеріп, несиелік рақымшылық жасау керек»: Депутат ұсыныс жасады

Депутат Үкіметке қаржыны қайдан алуға болатынын соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсетіпті. Ол Үкіметтің халыққа несиелік рақымшылық жасауға қаржылық әлеуеті толық жететініне сенімді.

«Алпауыт компанияларға салынатын салықты көтеріп, несиелік рақымшылық жасау керек»: Депутат ұсыныс жасады
Фото: ашық дереккөз

Өткенде еліміздегі Коммунистік халықтық партияның жетекшілерінің бір Айқын Қоңыров елімізде несиелік рақымшылық жасау және зейнет жасын көтеруге қатысты мәселе көтеріп, өз пікірін айтқан еді. Алғашында халық та, билік те Қоңыровтың бұл ұсынысын саяси популизмге балаған-ды. Бірақ коммунистердің серкесі ойға алған ісін қалай жүзеге асыруға болатынын талдап көрсетіп беріпті.

Қоңыровтың бастамасын жүзеге асыру үшін қыруар қаржат керек екені айтпаса да түсінікті. Коронавирус әлемді дағдарыстың құрсауында ұстап тұрған қазіргі таңда мол қаржыны Үкімет қайдан табады?

Депутат Үкіметке қаржыны қайдан алуға болатынын соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсетіпті. Ол Үкіметтің халыққа несиелік рақымшылық жасауға қаржылық әлеуеті толық жететініне сенімді.

Бұл үшін Қоңыров еліміздегі өте бай адамдар мен ірі компаниялар шетелге қыруар қаржы аударғанда оларға салынатын салықты көтеруді ұсыныпты. Сөз жоқ, бұл - маңызды ұсыныс. Қазіргі таңда жыл сайын Қазақстаннан шетелге миллиардтаған қаржы шығарылатыны жасырын емес. Демек, оған тиісті деңгейде салық салынуы керек. Бұл өз кезегінде мемлекет қазынасының артуына септесетіні анық.

Бұдан басқа Қоңыров Қазақстанда қыруар табыс тауып отырған трансұлттық компанияларға салынатын салықты да көтеруді ұсыныпты. Бұл да көптен бері айтылып жүрген маңызды мәселе. Бірақ Үкімет алпауыт компанияларға азуын көрсете алмай жүргені жанымызға батады.

Сонымен қатар депутат мемлекеттік аппараттағы шенеуніктер армиясын, оларға жұмсалатын қажетсіз шығындарды қысқартуды ұсыныпты. Бұл да ақылға қонымды бастама. Бүгінде бірқатар мемқызметкердің қымбат көлік мініп, қымбат жиһаздар алуды сәнге айналдырғаны жасырын емес. Егер осы шығындарды пышақ кескендей қысқартсақ, бюджеттің бүйірі кәдімгідей шығып қалар еді. Сондықтан Қоңыровтың бұл бастамасы орынды деп есептейміз.

Өз кезегінде Айқын Қоңыров еліміздегі квазимемлекеттік мекемелердің табысының 50 пайызын бюджетке бағыттау мәселесін көтеріпті. Қазіргі таңда Ұлттық компания деп әсепттеп жүрген компаниялар ұлтқа шынымен жаны ашыса, Қоңыров айтқан ұсынысты құп алуы керек. Олар қазыналы қазақ жерінің байлығын сыртқа сатып, табыс тапқандарына мәз. Олардың табысының 50 пайызын мемлекет қазынасына қайтаратын кезі келді.  

Бұл - Айқын Қоңыровтың бастамалары. Алдағы уақытта депутат өзінің партиялас әріптестерінің тізе қосып, өзі ұсынған төрт бастаманың ең болмағанда біреуін жүзеге асыруға күш салуы керек. Халық бұл ұсыныстардың бос әңгіме болып қалмағанын қалайды.

Нұрлан ЖҰМАХАН