Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Жүкті әйелдің жалаңаш қарнын көру ұят болатын, қазір мақтаныш»: Журналист блогерлерді сынға алды

Қазақстандық танымал журналист Асхат Садырбай желіде заманауи құндылықтар мәселесін көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.

«Жүкті әйелдің жалаңаш қарнын көру ұят болатын, қазір мақтаныш»: Журналист блогерлерді сынға алды
Сурет: instagram.com/askhatsadyrbay

Ол бүгінде өзін блогер санап жүргендердің тіптен шектен шығып бара жатқанына шүйлікті. Ақпарат өкілі кезекті жазбасын Instagram парақшасында жариялаған.

"Құндылықтарымыз құнсызданып бара жатыр. 10-20 жылдан кейін біз үшін не нәрсенің мәртебесі биік, абыройы асқақ, маңызы зор болатыны қызық. Тереңге бармай-ақ инстаграмдағы контентпен таңғалдыру, бұрынғыша айтқанда "жер өртеп атыңды шығаруды" алайықшы. Блогерлер, өздерін блогер деп атайтын кейбір замандастар бірінен бірі асып түсу үшін бәрін көрсетіп жатыр. Біреудің жүкті әйелінің жалаңаш қарнын көру ұят болатын, қазір мақтаныш. Жүкті блогерлер еңкейіп-тоңқайып фотосессия жасап, инстаграмды жарып жатыр. Жарыс әйтеуір. Толғатып жатқандағы сәтті сториске салу да сәнге айналды. Алғаш көргенде абдырап қалдық көбіміз. Оны да көрсету қалыпты дағдыға айналып барады. Әркім өзі біледі әрине, бірақ жұртқа көрсететін және көрсетпейтін нәрселер болады ғой. Өмірдегі кейбір сәттер сонысымен де құнды емес пе?! Құпия қалмады. Бір күні кейбір "блогерлер" баласының жатырдан шығып келе жатқан сәтін салып "картоп жарса" таңғалмаймын. Кейбір жастар мүмкін білместікпен салып жатыр дейін десең өз қатарластарымның да біразының стористерін көріп ойланып қаламын. Біреудің өліміне барып, жаназадан контент жасау. Бұл не? Кешіріңіздер, бірақ мен үшін бұл ұят", - деп жазды ол.