5 қаңтар күні Алматыда оқ тиіп, бас жарақатымен ауруханаға түскен ауыр халдегі пациенттерге хирургтердің небәрі 7 тобы кезекпен операция жасаған, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Ақ халаттылар азаматтарды өлімнен арашалап қалу үшін 24 сағат бойы нәр татпай, 149 ота жасаған.
Керемет Нәлібайқызының орталық қалалық клиникалық аурухананың ота жасау бөлімінде жұмыс істеп жүргеніне 23 жыл болған. Алайда қаңтар оқиғасы кезіндегідей ауруханадағы жағдайды ешқашан көрмегенін айтады.
Мейірбикенің айтуынша, 5 қаңтар күні түске қарай күтпеген жерден ауыр халдегі науқастар түсе бастаған. Олардың көп болғаны соншалық, ота жасайтын бөлімде орын қалмапты. Дәрігерлер жараланғандарға алғашқы көмекті қабылдау бөлімінде көрсетуге мәжбүр болған.
"Бірден басталып кетті. Астыңғы қабатта, қабылдау бөлімінде де үлгере алмай жатты. Қан-қан науқастар түсіп жатты, қабылдап жатты. Біз есіміз шыға жүгіріп жүрміз. Үйде жатқан хирургтерді де, дәрігерлерді де, бәрін шақыртты. Ауруханада мамандар жетпей қалды. Өзіміз қанша операция бөлімінде істесек те, соншалықты қанды көрмеген едік. Өте қиын болды", - деп еске алады Орталық қалалық клиникалық аурухананың ота жасау бөлімінің мейірбикесі Керемет Бекжанова.
Осылай алғашқы көмек көрсетуге ұмтылған ақ халаттылар 3 тәулік бойы аяқтан тік тұрып еңбек еткен.
Ал 9 кезекші бригада тәртіпсіздік орнынан жаралыларды тасыған.
"Біздің мойнымызға артылған жүк ауыр еді. Бір хирургтің бір түнде 7 операция жасауына тура келді. Бұл деген өте қиын. Бейбіт күндері отаны жоспарлы түрде жасаймыз. Оның өзінде 1 операцияға кемінде 2-3 сағат уақыт кетеді. Ал сол күні әрбір науқастың өмірін құтқару үшін отаны барынша жылдам жасауға тырыстық. Күнделікті қанды көріп жүрсек те, сол күндері біз үшін психологиялық тұрғыдан ауыр болды. Ол күнді ешқашан ұмытпаймыз", - деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың қан тамырлары хирургі Сұлтан Илиев.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастар легі 6-7 қаңтар күндері азайған. Ал жеңіл жарақат алған пациенттер үйлеріне амбулаторлық ем қабылдауға жіберіліпті. Айта кету керек, жаппай тәртіпсіздік кезінде аурухандағы медицина қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген. Қазір аурухана штаттық режимде жұмыс істеп, тәулігіне 24 сағат шұғыл және жоспарлы көмек көрсетуін жалғастырып жатыр.