22.02.2022, 15:41

Ампутациядан кейінгі Алматы тұрғыны мүгедектігіне қатысты даудамайға тап болды

Сурет: Stan.kz

Алматы облысында бір аяғы жоқ ер адамды медициналық комиссия жұмысқа жарамды деп таныған. Ампутациядан кейін Серік Қарабаевқа екінші топтағы мүгедектік берілген, бірақ бір жылдан кейін дәрігерлер шешімін қайта қарап, оны үшінші топқа жатқызған, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Қалай бұлай болғанын мүгедек азаматтың өзі де түсінбейді. Ал комиссия болса ер адамды шынымен жұмысқа жарамды әрі өзіне лайықты кәсіп таба алады деп сендіреді. 

Серік Қарабаевтың аяғынан айырылғанына бір жыл уақыт болған. 40 жастағы ер адамға ауру асқынғанына байланысты ампутация жасалған.

Науқасқа бірден екінші топтағы мүгедектік берілген. Бірақ жақында медициналық кеңес қорытындыны қайта қарап, Серікті жұмысқа қабілетті деп тауып, үшінші топқа ауыстырған.

"Мен азаннан кешке дейін комиссияның есігінің алдында отырдым. Менімен бірге кезекте аяғы бар адамдар да тұрды. Комиссия құжаттарымды көріп, мені ішке шақырды да аяқтарымды көрді. Арада 10-15 минут өткенде қолыма үшінші топ жататыным туралы қағазды берді", - дейді Серік Қарабаев.

Ер адам екі кішкентай баласымен, жүкті әйелімен және қарт ата-анасымен жалдамалы пәтерде тұрады. Бір жылдан бері отбасы үшін Серіктің мүгедектік жәрдемақысы жалғыз табыс көзі болып келген. Бірақ берілетін жәрдемақы мөлшері де айтарлықтай қысқарады. Ал мына түріммен мені ешкім жұмысқа алмайды, деп шағымданады ол.

"Аяғым жоқ бола тұра қалай жұмыс істейтінімді сұрадым. Ал олар маған: протез ки де, жұмыс істей бер" - деп жауап берді. Мұнда екі аяғы да сап-сау азаматтар жұмыс таба алмай жүр. Ал мен мына күйімде қалай орналасамын?!", - дейді наразылығын жасырмаған Қарабаев.

Өткен жылы мемлекет Серікке протез берген екен. Алайда кейінірек гангрена басталып – тағы бір буынды алып тастауға тура келген. Қазіргі уақытта протез кию мүмкін емес. Ер адам бұл жайында комиссияға жеткізгенімен, олардың тыңдағысы келмейтінін айтады.

Медициналық-әлеуметтік сараптама орталығы болса Серіктің жағдайы үшінші топтағы мүгедектікке жататынын және ол жұмыс таба алатынын айтудан жаңылмайды. Олар жұмысқа орналасу бойынша көмек алу үшін дәрігерлік-консультациялық комиссияға баруды ұсынады.

"Ұсынылған құжаттар мен науқасты тексеру негізінде біз оған үшінші топ мүгедектігін белгіледік. Жұмысқа келер болсақ, ауруының ерекшеліктерін ескере отырып, ол осы сұрақтармен тіркелген жеріндегі тиісті дәрігерлік-консультациялық комиссияға жүгінсін. Оның білімін, кәсіби жарамдылығын ескере отырып, олар қазіргі уақыттың өзінде оны қандай жұмысқа орналастыруға болатынын қарастыруда", - Алматы облысының №6 медициналық-әлеуметтік сараптама департаментінің басшысы Екатерина Юн.

Серік өзіне екінші топтағы мүгедектікті қайтаруды талап етеді, өйткені үшінші топтағылар үшін қажетті жәрдемақы берілмейді. Мысалы, бұл топтағылар мемлекеттен тегін баспана алу үшін кезекке тұра алмайды. Комиссияның соңғы қорытындысы 14 ақпанда шығарылды. Ер адамның қайта шағым түсіруге үш ай уақыты бар.