Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Түркістандық кәсіпкерлер тропикалық жемістер егіп, түйеқұс өсіріп отыр

Жергілікті шаруалар тропикалық жеміс түрлерін өсіріп, тәжірибе жасаудан қорықпайды.

Түркістандық кәсіпкерлер тропикалық жемістер егіп, түйеқұс өсіріп отыр
фото: дереккөз

Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Иассы ауылында тұратын Нәліпан Мырзақұлов ауласына арнайы қоршау жасап, түйеқұстың австралиялық тұқымын жерсіндірген. Шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер енді пайдасы көп құстың басын көбейтіп, кәсібін одан әрі кеңейте түспек, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Қазір онда 19 түйеқұс бар. Шаруа биыл жазда 50 балапанның 40-ын сатып, 10-ын алып қалған. Айтуынша, елімізде өсіріле бермейтін құс қолға тез үйренеді. Жем-шөбін уақытылы беріп отырса, шөлді жерге де тез бейімделеді. Жақсылап қараса, пайдасы да көл-көсір дейді. Австралиялық түйеқұстың жұмыртқасы қара түсті, ал, африкалық түйеқұстың жұмыртқасы ақ болып келеді екен. Жұмыртқасының 1 данасы 5-10 мың теңге тұратынын айтады. Кәсіпкердің ендігі арманы – мемлекеттен қолдау болса, құстың тұқымын көбейтіп, кәсібін дамыту. Әзірге құсты ауласындағы қоршауда бағып отыр.

"Еті де пайдалы. Бұдан ешқандай қалдық қалмайды. Терісі де өте өтімді. Жұмыртқасын да жейді. Мұның еті жүрек ауруына пайдалы дейді. Холестерин жоқ, майсыз, жылқының еті сияқты қаракесек ет. Көмек керек қой. Ақша да, жер де керек. Үкіметтен қолау болса, өте жақсы нәрсе екен", - дейді кәсіпкер.

Бұдан бөлек, ауа райы қолайлы, "түгін тартсаң май шығатын" Түркістан облысында тропикалық жемістер де өсіріледі. Қазығұрттық бағбанның экзотикалық ағашы биыл өнім бере бастады. Ауыл шаруашылығы мамандары түркістандық бананның шет елден әкелінген жемістен еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Қазір шаруаның бақшасында 40 түп банан ағашы өсіп тұр.

"Бананның пісу жолын кішкене қызығушылық оянғаннан кейін зерттеп, өсіру технологияларын іздестіріп көрдім. Болады екен. Биыл банан жемісін жедік десек те болады", - дейді Тұрбат ауылының тұрғыны Халима Сейіткерімова.

Аграрлық сала мамандарының айтуынша, табиғи орта сәйкес келмейді. Сондықтан бананды жақсылап күтіп, баптау керек. Бұдан бөлек, Келес ауданының кәсіпкерлері де мемлекеттік бағдарлама аясында анар өсіруді қолға алған. Биыл Құралас елді мекенінің тұрғындары үй іргесіндегі 10 сотық жерге анардың дашкабад, қува тұқымдарын отырғызды. Екі жылда әр түптен 30-35 келі өнім алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, өңірдегі бірнеше ауданда лимон өсіріп, одан көл-көсір пайда тауып отырған кәсіпкерлер де бар.

"Бізде жылыжайларда тропиктік өсімдік, яғни лимон өсіру қолға алынған болатын. Атап айтар болсақ, облыстың климаттық ерекшелігіне байланысты, Келес, Сарыағаш, Жетісай, Қазығұрт аудандарындағы жылыжайларда лимон дақылы өсіріледі. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде грант жеңіп алып, жерге анар дақылы егіліп, қазір жұмыс істеп жатыр", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Әлібек Плалов.

Жергілікті шаруалар тропикалық жеміс түрлерін өсіріп, тәжірибе жасаудан қорықпайды. Мысалы, өткен жылы өңірдегі лимон өсіретін жылыжайлардың жалпы ауданы 2 гектар болса, биыл бұл көрсеткіш 3 гектарға артып отыр.