Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Кезекте тұрғанына аттай 10 жыл": Журналист мүгедек жанға үй әперуді қолға алды

Әлеуметтік желіде "Просто Мария" сериалы арқылы танылған балқаштық Мейрамкүлдің оқиғасы кеңінен тарады. Ақыл-есінде аздаған кемістігі бар келіншек қайыр сұрайтын анасымен бірге кішкентай лашықта өмір сүріп келген, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

"Кезекте тұрғанына аттай 10 жыл": Журналист мүгедек жанға үй әперуді қолға алды
Сурет: Nur.kz

Мұны байқаған танымал журналист Гүлмира Әбіқай мәселені өз қолына алып, ешкімге керексіз болған қарт анасы мен қызының жайлы өмірге оралуына себепкер болды.

Алдымен Мейрамкүл желі қолданушыларына "Просто Мария" сериалы арқылы танылды.

Просто Мария" сериалын сағынып жүрмін. Соны үйде көретінбіз. Сол сериалды телевизордан берсе екен, - деген Мейрамкүлдің видеосы осыдан бірнеше жыл бұрын таралып кеткен.

Кейін белгілі болғандай, Мейрамкүлдің ақыл-есінде аздаған кемістік бар болып шықты.

Одан бөлек, бұл видеоны базар сатушылары әзіл ретінде түсіріп алған. Журналист Гүлмира Әбіқай аталған видео кейіпкері Мейрамкүлді тауып алып, оған қайырымды жандардың көмегімен смартфон сыйлады.

Алғашында сериалды смартфоннан көрсін деген ой болған. Кейін еріктілер Мейрамкүл мен анасының адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын анықтады.

Мейрамкүлдің анасы 20 жылдан бері дүкен маңында қайыр тілеп, қызы екеуінің күнкөрісіне тиын-тебен тауып келген.

Өткенде бұрынғы сериалдарды сағынып жүрмін, телевизордан неге көрсетпейді деген әйелді бәріміз көрдік. Сөзіне күлдік, өзін аядық. Сөйтсем, бұл Балқаш тұрғыны Мейрамкүл Әмірбаева екен. Құдай аясын, бала жастан ақыл-есі кемістеу, 2-топ мүгедегі. Үйден гөрі лашыққа ұқсас мына жылуы жоқ, кезіндегі зауыттан қалған ескі үйде тұрады. Анасы Светлана айтуға ұят, 20 жылдан бері қаладағы “Волна” дүкенінің алдында тұрақты қайыр тілейді Суық, сұр, көне үй. Бір-бірінің тілеуін тілеген дімкәс қос бейбақ. Мейрамкүл өз атынан үй кезегіне тұрғалы аттай 10 жыл!!! Мүгедек жанға тиесілі баспана неге ұзақ жыл берілмеген?, - деп жазды журналист.

Осыдан соң, Мейрамкүл мен анасының өмірі күрт өзгерді. Гүлмира Әбіқайдың бастауымен еріктілер жиналып, ешкімнің қарауынсыз қалған жандарға үй алуды қолға алды. Журналисті мәліметінше, қоныс той осы аптаның аяғына жоспарлануда. Сондай-ақ, қайырымды жандар Мейрамкүл мен анасына жаңа киімдер әперіп, кешкі асқа отырғызып, тісін емдетуде. 22 жылдан бері моншаға түспеген екеуін көпшілік моншаға апарып, барлық қажетті заттарды сатып әперуде. "Көмектескен халқыма рахмет!", - деді қуанышын жасыра алмаған Мейрамкүл. Ал анасы Светлана болса, енді қайыр тілейтін жерге қайта келгізбеуді құдайдан сұрап, көмектескен барша жанға батасын берді.