Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 9 ақпандағы бұйрығымен ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидасына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Paryz.kz, Baribar.kz-ке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, өзгерістер ҰБТ-ға қатысуға өтініш беру мерзімдері мен өткізу мерзімдеріне қатысты. Тестілеуге алып кіруге тыйым салынған заттар мен құрылғылардың тізімі кеңейтілді.
Әңгіме ұялы байланыс (ұялы телефондар, планшеттер, iPad, iPod, смартфондар, рациялар, ноутбуктер, ойнатқыштар, модемдер, смарт сағаттар, сымды және сымсыз құлаққаптар, сымсыз бейнекамералар, GPS навигаторлары, GPS трекерлері, қашықтан басқару құрылғылары), сонымен бірге басқа ақпарат алмасу құрылғылары туралы болып отыр.
Жаңа ережелер бойынша тест тапсырушы:
Тестілеу жүйесіне шығу және кіру кезінде компьютерде орнатылған алдыңғы камера адамның бетінің пішінімен ғана рұқсат етеді.
ҰБТ өтетін жерде электр қуаты өшіп қалған жағдайда немесе тестілеуде тіркелмеген басқа да форс-мажор жағдайларда тестілеуді тоқтату және өткізу мерзімін өзгерту туралы актімен тестілеу тоқтатыла тұрады (күші жойылады) және басқа күнге ауыстырылады.
Бұл ретте ереже тестілеу процесін тоқтата тұру және ауыстыру туралы акт жасаудың жаңа нысанымен толықтырылды. Тестілеу үдерісін тоқтата тұру және ауыстыру актісін тестілеу әкімшісі мен облыстық мемлекеттік комиссия бірлесіп жасайды.
Тест басталғаннан кейін 120 минут өткен соң берілетін үзіліс 15 минуттан 3 минутқа дейін қысқартылды.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға (көру, есту, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған) тест тапсыру үшін қосымша 40 минут уақыт беріледі.
Айта кетейік, тестілеудің ұзақтығы – 240 минут.