Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Көз алдымда жүрген қызымды жоғалттым" - 4 жасар Айкөркемнің әкесі мұңын айтты

Қаңтардағы бүлік кезінде бірнеше бала қайтыс болды. Солардың бірі – Айкөркем Меделхан. Айкөркемнің әкесі 44 жастағы Айдос Меделхан қызының 7 қаңтарда көлікке оқ атылғанда көз жұмғанын айтады, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.

"Көз алдымда жүрген қызымды жоғалттым" -  4 жасар Айкөркемнің әкесі мұңын айтты
Сурет: Stan.kz

Бес баланың әкесі сол күнді үлкен мұңмен еске алады. Айтуынша, өзі де, балалары да болған оқиғадан шок алған. Өмір сүргім келмейді, деп күрсінеді ол. Айдос Меделхан қазіргі уақытта денсаулығына байланысты жұмыссыз. Тек жұбайы жұмыс істейді, отбасы жалдамалы пәтерде тұрады.

Бес балам бар. Үлкен балам Бауыржан 18-де, одан кейін Жанель 16 жаста, мектепте оқиды, үшнші ұлым Бекислам – 8 жаста, 2-сыныпта оқиды. Кенже қызым Айкөркем 4 жаста еді, ал ең кішісі Рамазан 2 жаста. Әдетте балалар балабақша, мектепте болады. Сол күні бәріміз үйде болған едік, – дейді бес баланың әкесі.

Айкөркем және оның отбасы, жеке архивтен

Айдос Меделхан қайғылы жағдай 7 қаңтарда кешкі уақытта болғанын айтады. Сол күні үлкен баласы үйде таусылған азық-түлікті алу үшін сыртқа шықпақ болған. Үйдегі балалар ағаларымен бірге ере шығыпты.

“7 қаңтарда кешкі сағат 6,7 шамасында бәріміз үйде болдық. Мен жуынып жатқан кезде балам ең қажетті деген азық-түлікті: нан, сүтті алып келуге кеткен. Кішкентайлар “аға, мен де барамын” деп қосылып кете барған. Үйдің жанындағы дүкендер жабық болып, ұлым көлікпен ары қарай қалаға шығып кеткен. Көлікте ұлымнан басқа үлкен қызым Жанель, кіші қызым Айкөркем, ортаншы ұлым Бекислам болған. Кіші балам ғана үйде қалған.

Үлкен ұлым Бауыржан дүкен іздеп Сейфуллин Сатпаев көшелерінің қиылысына шығып кеткен. Бұрылып қайтайық деп, Желтоқсан көшесіне жете берген кезде әкімдіктің алдындағы жерасты жолының маңында көлікті автоматпен атқылай бастаған. Көлік түгел тесілген. Бұл баламның көлігі еді. Жол жөнекей дүкеннен заттарды алып, нан таппай, тағы бір жерлерді қараймыз деп бұрылғанда болып тұр, – дейді ол.

 

Меделхановтар отбасы

Бірден 103-ке хабарласып, жолда өтіп бара жатқан көлікті тоқтатқан. Сол көлікке отырып, Қалалық жедел жәрдем ауруханасына барған. Ол жақта кәмелетке толмаған бала болған соң балалар аураханасына жіберген. Оған қарамастан, ұлым кішкентай қарындасын қолына көтеріп, ішке кірген. Артынша үлкен қызымды да алып сонда қалдырған. Дәрігер маған аруханадан хабарласып, балаларыңыз осында деп шақырды”, – дейді Айдос Меделхан.

Үйдің кенже қызы 4 жастағы Айкөркемнің оқ маңдайына тиген.

Жүрегі тоқтап қалыпты. Көп қан жоғалтқанын айтты. Ауруханаға жетпей қайтыс болған деді. Қызым жүрегімде мәңгілікке қалды. Жаңадан сөйлеп, ойнап, шапқылап жүрген еді. Үйге кіргенде “әкешім” деп құшақтаушы еді. Көз алдымда жүрген қызымды жоғалттым. Өмір сүргім келмейді. 2 жастағы баламды көріп, ашуымды басам, алданамын. Қызыма ертерек кеткім келеді. Күнде түс көремін. Түсімде “әкешім кетпеші” деп, қызым жылап тұрғандай болады, – дейді ол Айдос Меделхан мұңлы дауыспен. 

Ал отбасындағы үлкен қыздың аяғынан бастап кеудесіне дейін оқ тиіп, қазір ауруханада жатыр. Әкесінің айтуынша, үлкен қызы Жанельге тиген соңғы оқ денесінен әлі шығарылмаған. 

Полиция бұл үшін ешкім мойнына жауапкершілік алмайды деп айтып, шығарып салған. 

Бақытжан Сағынтаев пен Алматы қаласының Түркісіб ауданының әкімі Меделхановтар отбасының үйіне келіп, көңіл айтқан. Үш бөлмелі пәтер бөлінеді деп уәде еткен. Бірақ Айдос Меделханның айтуынша, ол пәтердің кілтін де, құжатын да көрмеген. 

Қалалық әкімшілікке бірнеше рет бардым. Әкім ауысып жатыр деп шығарып салады. Әкім шықпаса да, орынбасарлары шығуы керек қой. Ешқайсысы сөйлеспейді, нәтиже, өзгеріс жоқ. Көліктің тұрғанына бір айдан асты. Көлік ұсынса, такси айдап өз күнімізді өзіміз көрер едік, ешкімнің осы уақытқа дейін нан сұраған жоқпын, – дейді ол.