Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz, Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Заң ережелерін іске асыру үшін қазіргі уақытта біздің министрлік қоғам талқысынан және құзыретті мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өтетін нормативтік-құқықтық акт жобаларын әзірледі, - деді вице-министр.
Әлия Шалабекова үй жануарларына асырауды реттеуге бағытталған НҚА жобаларын түсіндіріп берді.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керек. Есепке алудың егжей-тегжейлі тәртібі тиісті ережелерде айқындалады. Есепке алу иелердің есебінен жүзеге асырылатынына назар аударған жөн. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді, - деп түсіндірді Экология министрлігі өкілі ОКҚ-да.
Сондай-ақ иттердің өз бетімен жүруіне заңмен тыйым салынады.
2021 жылы 30 желтоқсанда Президент биылдың 2 наурызынан бастап күшіне енетін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойған болатын.