Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Түркістан облысының шенеуніктері халыққа берген уәдесінде тұрмай жүр

Бүгін ел алдында уәде берген аудандық бөлім басшысы Арман Ысқақов жұмыс орнынан табылмаған. Ал оның орынбасары мәселені тағы екі аптада шешеміз деп ақталды.

Түркістан облысының шенеуніктері халыққа берген уәдесінде тұрмай жүр

Өткен жұмада тікелей эфирде газ мәселесін шешуге сөз берген Түркістан облысы Ордабасы ауданының шенеуніктері проблеманы шешпеген. Тұрғындар бүгін тағы хабарласып, суық үйде бүрсеңдеп отырғандарын айтты. Ал уәдені үйіп-төгуден шаршамайтын атқамінерлер көгілдір отынмен қамтуға жұмыс күші жетпей жатқанын айтып ақталды, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Ләззат Сүлейменова – жалғызбасты ана. Оның күні нан пісіретін пешке қарап тұр. Үйді сонымен жылытады. Шенділердің табиғи газ кіреді деген сөзіне сеніп, көмір де түсірмепті.

"Мен пешті не бұзарымды, не бұзбасымды білмеймін. Оны бұзсам, бала-шағам жаурап қалады. Тұр сол үшін. Жағып жатқан жоқпын. Көмір алатын ақшам жоқ менің, газдың кіретін ақшасын төлеп қойдым", - дейді шарасыз әйел.

Көгілдір отынға қосыла алмай отырған Темірлан ауылының шағымын өткен жұмада тікелей эфирде көтерген едік. Тұрғындар сол кезде көмірмен жылытатын пештерін бұзып тастағандарын айтқан болатын.

"23 қазан күні телефонмен сұхбаттасқанда, ЖКХ бөлімінің бастығы Арманның «бір аптаның ішінде газ берем» деген уәдесі бар. Міне, бүгін бір аптасы болды. Ешқандай әрекет көріп тұрған жоқпыз. Ол тағы да бір аптаның ішінде болады дегенге мен күмәндімін. Сенбеймін оларға", - дейді ауыл тұрғыны Мақсұт Мәмбетұлы.

Бүгін ел алдында уәде берген аудандық бөлім басшысы Арман Ысқақов жұмыс орнынан табылмаған. Ал оның орынбасары мәселені тағы екі аптада шешеміз деп ақталды.

"Мердігер мекеме Шымкент қаласында да қызмет көрсетеді. Сондықтан мамандар жетіспеушілігіне байланысты, мына жақтағы Темірланның абоненттерін қосу жұмыстары кешігуде. Қазір нақты уәде алдық, "екі апта көлемінде міндетті түрде қосамыз" деген", - дейді Ордабасы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерсейіт Бұхарбаев.

Уәделі бір аптаны айтпағанда, ол көшеде әлі газ құбыры кіргізілмеген үйлер де бар екен. Ал тұрғындары сәуір айында газға деп 85 мың теңгесін алдын ала төлеп қойған. Құбыры әлдеқашан тартылып, газ кірген көшенің өзінде көгілдір отынның шапағатын көре алмай отырғандар кездесті.

Жауаптылардың мәліметінше, Темірлан ауылында жалпы 3 мыңнан астам нысанның 27 пайызы ғана газды тұтынуда.