Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Тараздық полицейлер бейнетіркегіш болмаған соң, телефонға түсіріп жүр

Екі ауданда құрылғының істен шыққаны анықталған.

Тараздық полицейлер бейнетіркегіш болмаған соң, телефонға түсіріп жүр
Фото: aikyn.kz

Тараздық полицейлер бейнетіркегіш болмаған соң, тәртіп бұзушылықты телефонға түсіріп жүр, деп хабарлады paryz.kz, aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

"Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің менеджерлері Полиция департаменті қызметкерлеріне жұмыс барысында бейнетіркегіш пайдалануы бойынша қоғамдық бақылау жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшыларының өзін тәртіпке шақыру қажеттілігі туындаған фактілер орын алған.

Мәселен, №10 учаскелік пункке жүргізілген зерделеу барысында полиция қызметкері бейнетіркегіш құралын қызмет уақытында пайдаланбай жатқандығы белгілі болды. Сақшылар оның себебін құрылғының қуат көзі жетпейтіндігімен түсіндіріп, бақылаушыларды таңғалдырған.

№25 учаскелік пунктің мамандары да мейрамхана, кафе сынды әлеуметтік нысандарға санэпидемиялогиялық қаулыға сәйкес рейдтік шаралар жүргізу барысында бейнетіркегішті мүлде қоспайтыны белгілі болып отыр. Тіпті, тәртіп сақшылары рейдті  жеке ұялы телефондарына түсіріп, еріксіз езу тартқызған.

Байзақ ауданы бойынша Бурыл ауылдық округі учаскелік полиция бөлімшесінің есігі жұмыс уақытында жабық тұрғаны былай тұрсын, жарығы да сөніп қалған. Зерделеу тобы полиция қызметкерлеріне хабарласқанда, олар шақыртуда екендерін айтыпты. Алайда, олармен кездесіп, тілдесу барысында бақылаушылар бейнетіркегіштің қуаты өшіп қалғанын көріп, мұндай жағдай сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол беруі мүмкін деген болжамға келген. Дәл сондай Үлгілі ауылдық округінің учаскелік полиция қызметкерлері де әртүрлі себептермен жұмыс орнынан табылмаған.

Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, бейнетіркеуде жазылатын бейнежазбалар арнайы терминалда сақталады екен. Алайда, қоғамдық бақылау барысында Жамбыл мен Байзақ ауданы бойынша құрылғының істен шыққаны анықталған. Мұндай жағдайда қандай да бір қылмысты дәлелдеу қиынға соғатыны айтпаса да белгілі.

"Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызының айтуынша, бұл облыс деңгейінде учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына жауапты жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары тарапынан жағдайды реттеу үшін ешқандай шара қолданылмай отырғанын аңғартады екен.

"Ай сайын бейнежетондардағы бейнежазбаларды талдау жүргізуін мамандарға міндеттеу керек. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы №971 бұйрығымен бекітілген нұсқаулыққа сәйкес бейнежетондағы материалдарды сақтауға жауапты бір тұлға бұйрықпен бекітілуі қажет. Алайда, Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, Сарысу, Жуалы, Меркі, Шу және Мойынқұм аудандары бойынша ондай мамандар белгіленбеген. Бұған қоса, бейнежетондағы ақпараттарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілмеуде. Бейнетіркегіш мүлдем жоқ.

Бұған дейінде жыл басында талдау жүргізіліп, қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша бірқатар ұсыныстар берілген. Алайда бүгінгі күні аталған ұсыныстар толығымен облыстық Полиция департаментімен орындалмай отыр. Мониторинг барысында учаскелік полиция пункттерін жабдықтау жағдайы бойынша да бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы 5 учаскелік полиция пунктері (1,2,3,16,26) жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ол пунктердің бөлме қабырғаларының әктері түскен, жарылған, жарық жоқ, есіктері сынған. №5 полиция бөлімшесі мен №2,17 учаскелік полиция пунктерінде жылу мүлдем қосылмаған. Бұдан бөлек, барлық учаскелік полиция пунктері оргтехникамен жабдықтауды қажет етеді. Мысалға 3-4 инспекторға 1-2 компьютер, принтер және ксерокстан келуде. Сондай-ақ учаскелік полиция пунктерінің (1,2,3,4,16,17,26 және 5 полиция бөлімшесі) жиһаздары тозған не болмаса ескірген", – дейді Н. Дәрменқызы.

Қоғамдық зерделеу барысында патрульдік полициясының да бейнетіркегіш пайдаланбау әрекеттері белгілі болған. Кейбір жол патрульдік полициясының өкілдері, тіпті, жол бойында қызметтік көлігімен себепсіз тоқтап тұрған. Мамандар мән-жайды анықтауға жақындағанда тәртіп сақшылары  жағдайды түсіндіруден бас тартқан.

Бұдан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерінің қоғамдық зерделеу кезінде де Шу, Меркі  және Қордай аудандарындағы бекеттерінде көліктік бақылау инспекторлары автокөлікті тексеру барысында бейнетіркегішті қоспайтындықтары белгілі болған.

Дәл сондай "Қарасу", "Сыпатай Батыр", "Айша Бибі" мемлекеттік кеденінде орналасқан фитосанитариялық бекеттеріне мониторинг барысында мамандар арнайы берілген бейнетіркегіш жұмыс уақытында кеудесіне тақпайтындығы анықталған.

Ал ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ЖОБ аумақтық инспекциясы 2019 жылдың соңында 2 503 900  теңгеге 49 дана бейнетіркегіш сатып алғанымен, әлі күнге дейін қызметкерлеріне бермеген.

Сонымен қатар кеуде бейнетіркегіштерді пайдалану және бейнематериалдарды бейнетіркегіштен сақтауға беру тәртібін регламенттейтін ведомстволық құқықтық акт бекітілмеген. Бұл туралы зерделеу қорытындысы бойынша жыл басында ұсыныс берілген. Алайда, 2020 жылдың 14 қазанында "Қарасу" "Сыпатай Батыр", "Айша Бибі" мемлекеттік кеденінде орналасқан ветеринариялық бекеттеріне мониторинг жүргізу барысында ешқандай бейнетіркегіш жұмыс барысында қолданылмай отырғаны анықталып  отыр. Сонда қазынадан қаралған қаржығы сатылып атылған құрылғылар сән үшін ғана тұр ма деген ой келеді.

Міне, осылайша "Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің саралауы талай сұмдықтың бетін ашып отыр. Ал ең сорақысы сала мамандарына бір рет  ескерту жасалғанда  олар одан сабақ шығармағандығы  таңқалдырады. Сонда өздері тәртіп сақтамайтын сақшылар өзгелерді қалай тәртіпке шақырмақ? Бұлай кете беретін болса, ертең тәртіп сақшылары  бейнетіркегішсіз өткен тексерістерін дәлелдей алмай, өздерінің бастары дауға қалуы бек мүмкін.