Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Дулыға Ақмолда: "Жастар 100 мың теңгемен жан бағуға мәжбүр"

Танымал актер Дулыға Ақмолда "Менің өмірім" бағдарламасына сұхбат беріп, қазіргі қоғамдағы жайттарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Дулыға Ақмолда: "Жастар 100 мың теңгемен жан бағуға мәжбүр"
Сурет: Egemen.kz

Актер шетелге кетіп, қайтып елге оралғысы келмейтін жастар туралы айтып, ел болашағына алаңдап жүргенін жасырмады.

Сұхбат кезінде актер қазіргі қоғамда орын алып жатқан жайттардың себебіне тоқталып, халықтың күнкөрісі қиындап кеткенін тілге тиек етті. Ол адамдардың өзара қатынасы, агрессиялы көңіл-күйі, одан бөлек рухани құлдырап кетуінің барлығы әлеуметтік жағдайдың нашарлағанының көрінісе деп есептейді.

Айтуынша, қазіргі күннің келбеті 30 жылғы "жетістіктің" нәтижесі.

90-жылдары мен 2000 жылдардың аралығында рухани жағынан қатты төмендеп кеттік. Сол кезеңде біздің қоғамда үлкен шұңқыр пайда болды. Міне, сол шұңқырдың зардабын енді тартып келе жатырмыз. Бұл әлі алдымыздан шыға ма деп қорқамын. Біз өзіміз үшін қорықпаймыз. Біздің ұрпақ бәрін көрдік. Соғыстан басқасының бәрін көрдік, әйтеуір өттік, жетілдік. Болашақ үшін қорқамын. Осы бізді қатты мазалайды, - дейді ол.

Дулыға Ақмолданың айтуынша, айналадағы адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы бұзылған. Ал бұған себеп - әлеуметтік жағдай.

Көз алдымызда жастарымыз шетелге білім алуға кетіп, қайтып келмейді. Қайтып келген адамға бұл жерде жұмыс жоқ. Ана жақты көріп, соның дәмін сезіп, ол жақтағы демократияны көрген адам келгісі келмейді. Мәселе ақшада да емес, адамның адамға деген қарым-қатынасында. Таңертең ерте жұмысқа күшті көңіл-күймен шығасыз. Бірақ көлікпен бағдаршамға келіп тұрғанда артыңдағылар дабыл беріп, боқауыз сөздер айтқан кезде, сол көңіл-күй жоқ болады. Бұл бәрімізге әсер етеді. Мен осы жердің адамымын. Ал шетелде оқып елген азаматтар анандай мәдени орталықтан келген кезде қайтқысы келмейді. Елдің бәрінің таң атпай жүйкесі жұқарып жүреді. Мен оған халықты кінәламаймын. Себебі біздің қоғам соған жеткізді халықты. Өткендегі қаңтардағы оқиғалардың барлығы осының нәтижесі. Біздің 30 жылдағы жеткен жетістігіміз. Айна-қатесіз алдымызға әкеп қойып берді. Мен мұның барлығы бастамасы ғана деп ойлаймын. Құдай сақтасын. бірақ елдің оянғанына қуану керек. Санасыз, ұйықтап жатқан күйінде ел жүре берген еді. Одан да ары жүре берер еді. Әрине қантөгіс болғанын қаламаған едім. Бірақ, халықтың көкірек көзінің оянғанына, жетілгеніне қуану керек. Демек, халықтың санасы оянды. Ішіндегі қыжыл, жетіспеушілік, несие - халықтың жүйкесін тоздырып біткен, - деді актер.

Өнер иесі әлеуметтік жағдайдың төмен екенін театр саласында жүргендердің жалақысынан-ақ көруге болады деген ойын айтты. Актердің баяндауынша, бүгінде театр қабырғасында өнер көрсетіп жүрген жастар басаяғы 100 мың теңгемен жан бағуға мәжбүр.

Мен басқа салада жүргендерді, құрылысшыларды, қара жұмыс істеп, базарда арба итеріп жүргендерді айтпай-ақ қояйын. Олардың жағдайлары белгілі ғой. Мен өзім білетін өнерде, театрда жүргендердің жағдайын айтайын. Таңғы сағат тоғызда жастар үшін би басталады, биі бар, вокалы бар, хоры бар, одан кейін сағат он бірлерде екіге дейін репетицияа кіреді, бір сағат демалады, кешке спектакль. Сағат тоғыз жарым-онда қайтады үйіне. Айлығы 100 мыңның о жақ, бұ жағында. Ол қалай отбасын асырайды, қалай басқа жерде қосымша жұмыс істейді бұл ақшамен (100 мың деп артығымен айтып отырмын)? Оларға ешкім үй беріп отырған жоқ, оған қоса олар осы ақшадан ипотекасын төлеуі керек. Ал биіне бармаса, спектакльге бармай қалса, ол театрдан шығып кетеді. Ол осы өнерді сүйіп келді, өнер деп сол жерде жүр. Үйленгенге дейін шыдайды, ал үйленгенде қайтпек? Алматыда, орталықтағы актерлерді жарайды, олар киноға түседі, түрлі жобаларға қатысады. Ал облыстағы актерлердің жағдайын мен сізге айтпай-ақ қояйын, - деп қынжылды ол.