Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Саясаттанушы қаңтар оқиғаларының басты себебін айтты

Соңғы мәліметтер бойынша, қаңтардағы қақтығыс салдарынан 227 азамат, оның ішінде 19 әскери қызметкер құрбан болған. Алматының өзінде 149 азамат, сондай-ақ 11 тәртіп сақшысы қаза тапты. Қазақстанда барлығы 4 353 адам, оның ішінде 3 393 қауіпсіздік қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Саясаттанушы қаңтар оқиғаларының басты себебін айтты
Сурет: Stan.kz

Қазіргі уақытта қазақстандықтарды алаңдатып тұрған сұрақ алдағы уақытта қақтығыстар қайталана ма және билік бұл оқиғалардың алдын алуы үшін не істейді? Саясаттанушы Дос Көшімнің ойынша, орын алған оқиғалардан кейін халық арасында үрей қалып қойған. Ол сонымен қатар үкімет дер кезінде ұтымды шешім қабылдап, жағдайды қалыпқа келтіре алмаса, алдағы уақытта халық тағы да көшеге шығуы мүмкін екенін де жасырмайды.

Жағдай тұрақталып келеді дегенге мен өз басым сене алмаймын. Өйткені әлі ешнәрсе түбегейлі шешілген жоқ. Тоқаевтың жаңа үкіметке осы тығырықтан шығу үшін үш апта уақыт бергені белгілі. Бірақ менің ойымша, қазір әлеуметтік мәселе бірінші орынға шыққан сияқты. Қазіргі кездегі ең басты мәселе – саяси реформа. Ең қызығы, президент парламентте сөйлеген сөзінде саяси реформа жөнінде ләм-мим деген жоқ, тек қыркүйекте саяси реформаны жүргізуді жалғастырамын деді де қойды, - дейді Дос Көшім.

Саясаттанушының пікірінше, қасіретті қаңтар оқиғаларының басталуына басты себеп – 30 жылдан бері саяси реформаның жасалмауы. 

Бұл жағдайға алып келген тек экономикалық мәселелер емес екенін түсінуіміз қажет. Бұған алып келген саяси реформалардың 30 жыл бойы жасалмауы. Билік жүйесін өзгерту, билік басындағы адамдарды өзгерту секілді сұрақтар күнделікті күн тәртібіне шығу арқылы бұл мәселелер шешілмесе, келешекте бұдан да үлкен қозғалыстың, дүрбелеңнің болуы әбден мүмкін. Себебі әлі нақты шешілген ешнәрсе жоқ, - деп түсіндірді ол.

Қақтығыстардың қайталанбауы үшін билік не істеуі керек?

Саясаткер Әміржан Қосан маңызды шешімдерді қабылдау кезінде президенттің әрқашан халықтың жағында болуы керек деп санайды. Халықтың қолдауына сүйенбеген басшының бастамалары жүзеге аспай қалуы мүмкін деп санайды ол.

Тоқаев өзінің таңдауын жасады, енді оған шегінерге жол жоқ. Ал енді не істеуі керек деген сұраққа келетін болсақ, реформа жасау үшін кез келген президент бір күшке сүйенетіні жасырын емес. Бұл жерде әртүрлі топтар мен адамдар болуы мүмкін. Бірақ олардың кез келген сәтте сатып кету қаупі жоқ емес. Сондықтан осындай қиын шешімдер қабылдаған кезде кез келген саясаткердің, басшының сүйенетіні ол – халық. Халық ешқашан сатқындық жасамайды. Сол себепті Тоқаев қолдауды тек қоғамнан іздеуі керек. Ал басқасының барлығы белгілі бір уақытта сырт айналуы ғажап емес, - деп түсіндірді саясаткер.

Саясаттанушы Расул Жұмалы қазіргідей қиын уақытта барлық жауапкершілік биліктің мойнында екенін жасырмайды. Сонымен қоса ол халықтың өзі де болашаққа көз жүгіртіп, билікпен бірге бірлікте әрекет етуі тиіс деп санайтынын ұқтырды.

Халықтың реформаларды күтіп отырғанына еш күмән жоқ. Бұл кезеңдерде басты жауапкершілік биліктің мойнында екеніне қарамастан, қоғам да демократия мен әділ мемлекет құру жолында асыра сілтеушілікке жол бермеген дұрыс. Реформаларды қабылдау кезінде де бұқараның талап-тілегіне құлақ асып, оң шешімдерді қабылдау керек. Яғни, билік пен халық сабақтастықта әрі бір үндестікте әрекет ету қажет. Меніңше, осы ең оң шешім болады, - дейді Жұмалы.

Тоқаев халықтың қалаулы президенті болуы үшін және болып қалуы үшін не істеуі керек?

Саясаттанушы Дос Көшім қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде Тоқаевтың біршама шешімдері дұрыс болғанын айтады. Ойынша, қазір президент бүкіл билікті қолында сақтап қалуы үшін барлығын жасап жатқанға ұқсайды.

Бұл қазіргі уақыттағы өте негізгі сұрақ. Қаңтардың қанды күндерінде Тоқаев өзінің президенттік орнында дұрыс шешімдер қабылдады. Барлығын дұрыс дей алмаймын, алайда біразы дұрыс шешімдер болды. Меніңше, қазіргі Тоқаев қайткенде де билікті сақтап қалу үшін барлығын жасап қалып жатыр. Тоқаев тарихта қаламын дейтін болса, оның ең басты міндеті – билік жүйесін түбегейлі ауыстыру. Ол үшін негізгі екі заңды өзгерту қажет. Олар – сайлау мен саяси партиялар туралы. Осыдан кейін жаңа партиялар келіп, жаңа парламент құрылып, жаңа сайлау болады да ескі билік түбегейлі кетеді. Қысқасы, жаңа Қазақстанда ескі адамдар болмауы қажет, - дейді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тарихында қандай атпен қалады? 

Саясаткер Әміржан Қосанның сөзінше, Назарбаев өзі құрған жүйенің шырмауында қалып қойған. Қазақстанда арты қырғынға ұласқан оқиғалар аз болмаған және сол кезеңдердің салқыны халық жүрегінде ұзақ уақыт сақталады, дейді ол.

Мына қанды қырғыннан кейін жақсы атпен қалмайтыны анық. Себебі бұл оқиғалардың басты себебі – 30 жыл бойы ауыспаған билік. Сол себепті осы оқиғалардың орын алуына, жазықсыз жандардың қаза табуына жүйе кінәлі. Ал ол жүйені құрған Нұрсұлтан Назарбаев, өкінішке орай. Солай қалады да, - деп түйіндеді Әміржан Қосан.