Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Митинг кезінде басына оқ тиіп, қайтыс болған Азаматтың өліміне кім кінәлі?

Атырау облысы әкімдігі ғимараты жанында қаза тапқан Алмаздың өліміне қатысты тергеу басталды. 35 жастағы Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп, оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz - не сілтеме жасап. 

Митинг кезінде басына оқ тиіп, қайтыс болған Азаматтың өліміне кім кінәлі?
Сурет: Halyk-uni.kz

Атырауда облыс әкімдігі ғимаратының жанында басына оқ тиіп қаза болған - қаңтардағы митингке қатысушы Алмаз Берекеновтің өліміне қатысты тергеу ісі басталды. Берекенов ісі ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-тармағы бойынша («Адам өлтіру») қозғалды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл іс арнайы прокурорлардың тергеуінде екенін айтып, басқа жауап берген жоқ. Ал облыстық прокуратура өкілі редакциялық хат жолдау керегін айтты.

Ал, марқұмның әпкесі Жаннат Берекенова жақында полиция департаментіне шақырылғанын, ондағы тергеуші інісінің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, өзі осы іс бойынша жәбірленуші ретінде қаралып жатқанын айтты.

Тергеуші қазір куәгерлерден жауап алынып жатқанын, мәйітханадан өлімге қатысты егжей-тегжейлі қорытынды сұралғанын айтты. Күдіктінің нақты кім екені анықталды ма деп сұрағыма «тергеу әлі жүріп жатыр, жақын арада аяқталмайды» деп жауап берді, — дейді Жаннат Берекенова.

Жақында әлеуметтік желіде Берекеновтің өліміне полиция қызметкерінің күдікті ретінде анықталғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ, полиция департаментінің баспасөз қызметі мұндай ақпараттың қолында жоқ екенін айтты. 

Еске салып өтейік, Алмаз Берекенов қаңтар басындағы оқиға кезінде митингке шыққандардың бірі. Ол 5 қаңтар күні сағат 16.00-ден кейін облыс әкімдігі ғимаратының артында салынып жатқан жаңа ғимарат ауласында оққа ұшқан.

Сот-медицина сараптама қорытындысында Алмаз Берекеновтің өліміне басына тиген оқ себеп болғаны көрсетілген

Алмаз Атырау қаласында дүниеге келген. Қала іргесіндегі Тасқала (Алғабас) ауылында тұрған. Ол бар-жоғы 35 жаста болатын. Әпкесі мен қарындасы тұрмыс құрған, өзі үйленбеген. Алмаздың анасы - халық арасында «Сары Әулие» атанып кеткен Марат Исенбаевтың туған қарындасы. Алмаздың әкесі 2000 жылы қайтыс болғаннан кейін, анасы басқа адамға тұрмысқа шығып, Түркияға қоныс аударған.

Алмаздың әкесі он ағайынды отбасыдан шыққан. Алмаз әкесі қайтқан соң үлкен әулетте (анасымен Түркияға қоныс аудармаған – авт.) қалған.

Жаннат Берекенова – Алмаздың әкесінің қарындасы. Оның айтуынша, Алмаз Тасқала-3 мекенжайындағы үйін салып бітіріп, сонда көшкелі жүрген. Тіпті, отбасын құруды жоспарлаған. Оның айтуынша, Алмаз намаз оқыған, бірақ радикалды діни ағымды ұстанбаған. Ішімдік ішпеген, темекі шекпеген. Гитарада ойнап, ән айтқан. Достарының арасында беделді болыпты. Компьютерлік техника бойынша қызмет көрсетумен айналысатын «Norsec Delta Projects» ЖШС-нің жетекші инженері болып жұмыс істеген.

5 қаңтардағы сол қаралы күн туралы Жаннат Берекенова былай деп әңгімеледі:

«Алмаз әдеттегідей таңертең жұмысына кеткен. Интернетке қосылуда іркіліс болғандықтан, жұмыс ерте аяқталып, түсте мешітке намаз оқуға кеткен. Содан кейін Исатай мен Махамбет алаңындағы митингке шыққандарға қосылған. Балам сол күні Instagram желісінде тікелей эфирде Алмазды көріпті. Алмаз қолына ту ұстап, жиылған халықтың шетінде тұр екен. Балам бұл кадрдың скриншотын түсіріп алып, достарымен алаңнан Алмазды іздеуге жүгіріп кеткен. Ол үшін қатты алаңдаған. Оның үстіне, Алмаз бұрын ешқандай митингке қатыспаған еді.

Сол жолы ол Алмазды таппай, үйге қайтып келді. Мен өзім мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеймін, жұмыстан сағат 17:30-да келдім. Ұлым тағы бір жаққа шығып бара жатыр екен. Қайда бет алғанын сұрадым. Ол интернет арқылы Алмазды митингте көргенін, енді оны іздеп, телефонына жауап бермей жатқанына алаңдап жүргенін айтты. Содан кейін туыстарымызға телефон шалып, таныс полицейлерден Алмаз туралы сұрай бастадық. Оны ұстап алған шығар деп ойладық. Ол қаза болды деген ойыма да кірмеді. Кешке қарай мәйітханадағылар ағам Болатқа телефон соғып, Алмаздың қайтыс болғанын хабарлаған. Бұл біздің әулетіміз үшін орны толмас қаза болды...»