Білім және ғылым министрлігі бекіткен олимпиадалар тізіміндегінің бәрі – тегін, деп хабарлайды Paryz.kz, informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Педагогтер аттестациядан өтіп, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші немесе педагог-шебер санатын алуы үшін біліктілігін растайтын құжаттармен қатар кәсіби жетістіктерінде көрсетуі қажет. Бұл туралы Білім және ғылым министрілігің №514 бұйрығында жазылған. Осыған байланысты ұстаздарға арналған ақылы олимпиадалар ұйымдастыратын түрлі орталықтар пайда болды. Оған қатысу жарнасы да әртүрлі. Алайда, министрлік мұндай олимпиадалардың ведомствоға қатысы жоқ екенін айтады.
2021 жылы Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер мен білім алушыларға арналған 175 тегін олимпиада мен конкурстың тізімін бекітті. Олар:
• мектепке дейінгі;
• бастауыш;
• орта;
• техникалық және кәсіптік білім берудің барлық деңгейін қамтиды.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, тізімдегі барлық жарыс бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар тізімге педагогтерді аттестаттау кезінде ескерілетін 33 олимпиада мен конкурс енгізілген. Соған қарамастан ұстаздарға арналған түрлі ақылы олимпиада өткізетін ұйымдар саны өте көп.
Вице-министрдің айтуынша, жеке ұйымдар олимпиадаларының атауын министрлік тізбесіндегі олимпиадаларға ұқсатып қояды. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жыл сайын республика ұстаздары арасында "Үздік педагог" байқауын өткізеді. Конкурс үш кезеңнен тұрады. Оның жеңімпазына республикалық бюджет қаражаты есебінен ел Үкіметі айқындайтын мөлшерде сыйақы төленеді. 2021 жылы үздік шыққан ұстаздарға 1000 АЕК көлемінде сертификат пен "Үздік педагог" төсбелгісі берілген еді.
Ал "Қазтест", "Білім шыңы", "НИО", "ККО" сынды ұйымдар да ұстаздар арасында "Үздік педагог" олимпиадасын өткізеді. Алайда, олардыкі ақылы және жарнасы да әртүрлі.