Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Нүсіпжановтың ұлды болғаны – жалған": Нұржан Жалауқызының басы тағы да дауға қалды

"Нұржан Жалауқызы, сіз басқаратын арнаның эфирінде тарап, сосын әлеуметтік желі арқылы көпшілік қауымға жеткен жалған хабарды теріске шығарып, үлкен ағамыздан ғафу өтінген дұрыс қой деп ойлаймын" деп жазды Серік Абас-шах.

"Нүсіпжановтың ұлды болғаны – жалған": Нұржан Жалауқызының басы тағы да дауға қалды
фото: zakon.kz

Белгілі продюсер, қоғам белсендісі Серік Абас-шах Facebook-тегі парақашасында "Алматы" телеарнасының "Нұрғали Нүсіпжанов 82 жасында ұлды болды" деп таратқан хабары жалған екенін жазды, деп хабарлады paryz.kz.

"Нұрғали Нүсіпжанов ұлды болыпты деп бүкіл желі шулап жатыр екен. Әнші ағамыздың сыр бөлісер інілерінің бірі ретінде мынаны айтқым келеді.

1. Ағамыздың отбасындағы "қуанышты оқиға" жайлы (кешелі бері елге тарап жатқан) хабар ойдан шығарылған.

2. Болашақта осы оқиға шынға айналып, бір-бірімізден сүйінші сұрайтын күнге жетейік (Құдай қаласа)! Бірақ әзірге болмаған нәрсені болды демей-ақ қояйық.

3. Шығу төркінін тексерместен, жалған жаңалық таратқан Алматы ТV арнасы мен оны басқаратын мол тәжірибелі ханымның осы жағдайға қатысты іс-әрекеттерін түсіне алмай отырмын.

4. Жүрегіне бірнеше рет ота жасалған Нұрғали ағамыздың қатаң күтімде жүргенін және оның көңілін (жүрегін) ештеңеге алаңдатуға болмайтынын "Paparazzi" жобасындағы қыз-жігіттер мен Алматы ТV ұжымына ескерткім келеді", - деді жазба авторы.

Одан әрі "қалбалақтап әрең жүрген қарияға бірдеңе болып қалса, обалы кімге?" деген Серік Абас-шах, жоқ жерден хайп жасап, Нүсіпжановтың күрделі тағдырын талқылаудан басқа "тақырып таппаған" телеарна басшысына реніш білдірді.

"Нұржан Жалауқызы, сіз басқаратын арнаның эфирінде тарап, сосын әлеуметтік желі арқылы көпшілік қауымға жеткен жалған хабарды теріске шығарып, үлкен ағамыздан ғафу өтінген дұрыс қой деп ойлаймын. Ол кісінің басынан түспей келе жатқан қасіретті бастарыңызға бермесін. Бар мәселе (сіздер ойлағандай) ұл бала сүюге тіреліп тұрған жоқ. Бүгін сіздер көңілі таза, мінезі момын ағамыздың ғұмырлық арманын табанға салып таптап жатырсыздар, ертең өз тағдырыңыз дәл осылай талқымазақ болмайтынына кім кепіл?" - деп салды продюсер.

Еске сала кетсек, Нұржан Жалауқызы "Қазақстан" ұлттық арнасын басқарған кезде де басынан дау арылмай, ақыры ол орнын босатып тынған еді. Енді сол кісі тізгінін ұстаған «Алматы» телеарнасының да әзірге "көсегесі көгере" қоймайтын сияқты.