Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Күзетші жігіт 9 баласын жалғыз өсіріп отыр

"Басқа түскен соң тамақ істеуді үйрендік. Тек жұмыртқа қуыруды ғана білетінмін. Қазір палау, бәрін істеп жатырмын", – дейді жалғызбасты әке.

Күзетші жігіт 9 баласын жалғыз өсіріп отыр
Фото: zakon.kz

Анасына керек болмаған ұл-қыздарына бір өзі бас-көз болып, өзгелерден кем қылмай асырап отырған азамат Түркістан облысында тұрады. Ханәділ Жұмабаевтың кенжесі жақында ғана төртке толыпты. Өзі шағын ғана ауылда қарапайым күзетші болып еңбек етеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Ханәділ Жұмабаевтың күнделікті тірлігі осы. Балалары үшін қара қазанның да бабын үйреніп алған. Күніне екі мезгіл ас-ауқат әзірлеп, ыстық тамақ пісіреді. Әкелерінің әрбір тағамы қара домалақтарына ұнайды.

"Енді тағдыр ғой. Басқа түскен соң тамақ істеуді үйрендік. Тек жұмыртқа қуыруды ғана білетінмін. Қазір палау, бәрін істеп жатырмын", –  дейді жалғызбасты әке.

Отағасы соңғы екі жылдан бері жалғыз өзі балаларына бас-көз болып жүр. Зайыбы отбасынан кетіп қалған екен. Алысқа емес, көрші ауылда тұрады. Анда-санда перзенттерінен хабар алғаны болмаса, үйге келмейді екен. Оған балалары да үйреніп қалған. Анасынан гөрі, әкелері жақын.

"Әкеме үй жұмыстарына көмектесемін. Бос уақытымда үй жинаймын. Сабақ орындаймын. Ініме шығара алмай жатқан есебі, жазуына көмектесемін", – дейді Мейрамбек Пернехан.

Мейрамбек ауылдағы мектепте 7-сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Оқу озаты болғандықтан, бауырларына қарайласады. Үй тапсырмасын қадағалайды. Кейде оған әкесі де қосылады. Әйтеуір, екі жақтап жүріп, мұғалімнің үйге берген тапсырмасын орындап үлгереді.

Ханәділ зайыбы жайында сыр ашып ештеңе айтқысы келмейді. Не себепті ажырасқанын да айтпады. Ауыл ақсақалдары кезінде татуластырмақ та болыпты екеуін. Бірақ, ортақ келісімге келе алмапты.

"Енді тағдыр ғой. Басқа түсті. Басыңмен көтересің енді. Көнем ғой, тіршілік қой", – дейді отағасы.

"Береке басы - бірлікте" екенін жақсы білетін ол, биыл қаңтарда атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріпті. Сұранысы қанағаттандырылып, әр тоқсан сайын 300 мың теңгеге жуық жәрдемақы алады екен. Аудан әкімдігі жұмысқа орналастырып берген және үкіметтен 864 мың теңге алуға жәрдемдесіпті. Ақшасына есік алдына жылыжай салып, қызанақ, қияр өсірумен айналысады. Тапқан табысын балаларына жұмсайды.

"Табыс қой енді. Балаларға, әйтеуір, ары қарай өздерін ептеп кетер. Үйренгеннің еш айыбы жоқ. Тіршілік естеп, өздерінің күнін көретін әрекет істеп жатыр", – дейді ол.

Тағдыр тауқыметіне мойымаған отағасы балаларына әкелік қамқорлықпен қоса, аналық мейрімді де қатар сыйлауға барын салып келеді.

"Папа, папа деп, әйтеуір, іші-бауырыма кіріп жүрген осылардың барына шүкір. Бала- шағам қолғанат болып, мен істейтінді олар істеп қояды. Тамақты жылытады. Күнімізді көріп жатырмыз", – деді Ханәділ Жұмабаев.

Отағасының бар арманы – жақсы тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Бұл шаруа бір өзіне оңайға соқпасын бідеді. Сондықтан зайыбы қайта оралатын болса, перзенттері үшін жаңа өмір бастауға дайынмын деп отыр.