Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Әскерге барып, есінен адасқан қызылордалық жігіт психикалық ауруханаға жатқызылған

Қараша айының соңында дәрігерлер жігіттің денсаулығы жақсарды деп үйіне қайтарған екен. 

Әскерге барып, есінен адасқан қызылордалық жігіт психикалық ауруханаға жатқызылған
фото: ашық дереккөз

Ақтау қаласына әскери борышын өтеуге сау барып, есінен адасып келген Қызылорда тұрғыны Ринат Жеткергенов екі айдан бері психикалық ауруханада жатыр. 19 жастағы жігіттің анасы ұлының әлі күнге есі кіресілі-шығасылы екенін айтады. Қазір де ата-анасын танымайды деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Ал бұл іске байланысты Ринаттың анасы ешкім жазаланбады дейді. Ринатты әскери қызметкерлер үйге қайтуына бір апта қалғанда жабылып ұрып, соның кесірінен есінен ауысты, дейді ата-анасы.  

Екі ай бұрын әскерден келгенде жақындарының бірін де танымай, үйіндегі заттардың астаң-кестеңін шығарып қиратып, өзіне келе алмаған Ринат Жеткергеновты ата-анасы облыс орталығындағы психикалық ауруларды емдейтін ауруханаға жатқызған.

Содан бері 19 жастағы баламды екі рет қана көрдім дейді анасы. Бірақ жігіт әлі есін жимаған. Анасын да, басқа жақындарын да танымапты. Денсаулығы мүлдем оңалмаған баласының қазіргі хәлін көрген анасының жүрегі ауырды.

Ықыласымды, сағынышымды басқан жоқпын әлі. Танымайды бәрібір мені ол. Мені көрсе басы ауырып, агрессивный болады. Маған оңай болмайды. Сондықтан шығар дәрігерлер маған көрсете бермейді, – дейді анасы Айғаным Ізбасарова. 

Ринаттың анасы да, әкесі де осы жағдайдан жүрек ауруына шалдыққан. Қараша айының соңында дәрігерлер жігіттің денсаулығы жақсарды деп үйіне қайтарған екен. Бірақ Ринат үйіне келген соң ауруы қайта асқынып, бір күннен кейін тағы ауруханаға жатқызған.

Содан бері Ринат Жеткергенов облыс орталығындағы психикалық денсаулық орталығында емделіп жатыр. Дәрігерлер оның психикалық соққы алғанын растайды. Әзірге Ринатқа тек тыныштық керек екенін айтады.

Баланың қазіргі таңдағы лечениесі оң нәтиже беріп отыр. Бірақ уақыт керек. Сосын ешкім қазіргі таңда мазаламаса дейміз, – дейді Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әділбай Медетбаев. 

Ринат Жеткергенов келгелі бері өзін бір апта бойы жатақханаға қамап, әскери шенділердің азаптағанын айтқан. Сондықтан жігіттің ата-анасы сап-сау баласының ақыл-есі адасқанына сондағы қызметкерлерді кінәлайды. Бірақ әлі күнге біреуі де жазаланбады дейді. Ал бірақ Қорғаныс министрлігіндегілер осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда, тергеу құпиялығын сылтау етіп өзге ақпарат бермеді.