Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шымкентте "адам саудасымен айналысқан" 16 адам сотталды

Сотталушылар үкім оқылған кезде жылады.

Шымкентте "адам саудасымен айналысқан" 16 адам сотталды
фото: ашық дереккөз

Шымкенттің қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістан облысы және Шымкент қаласынан Бахрейнге жұмыс істеуге алып барып, мәжбүрлеп жыныстық құлдыққа салды деп айыпталған 16 адамды 1 жыл 3 айдан 14 жылға дейін қамау туралы үкім шығарды. Сотталғандардың ішінде Қазақстаннан бөлек, Ресей азаматтары да бар, деп жазады Азаттық.

Үкімді судья Әбсаттар Шахидинов оқыды. Айыпталушылар Қылмыстық кодекстің "Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу", "адам саудасы", "кәмелетке толмағандар саудасы", "қылмыстық жолмен алған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" баптарымен кінәлі деп танылды.

Айыпталушыларға төмендегідей жаза тағайындалды:

Саодат Азадова - 14 жыл түрме жазасы;
Руслан Цесхладзе - 10 жыл түрме жазасы;
Эстэлла Беркина - 12 жыл түрме жазасы;
Эльнара Темірова - 11 жыл 3 ай түрме жазасы;
Роза Қосдәулетова - 11 жыл 3 ай түрме жазасы;
Татьяна Азадова - 1 жыл 3 ай түрме жазасы;
Рамиль Гайнуллин - 3 жыл түрме жазасы.
Шахзода Ахмедова - 12 жыл түрме жазасы;
Шайра Тургунова - 12 жыл түрме жазасы;
Сузана Ахмедова - 12 жыл түрме жазасы;
Исмаил Мададов - 6 жыл 8 ай түрме жазасы;
Сергей Савинский - 6 жыл 8 ай түрме жазасы;
Зарифа Пичугина - 1 жыл 3 ай түрме жазасы;

"Адам саудасымен айналысты" деп кінәлі танылған айыпталушылар Рано Ишметова, Әсел Тутеева және Елмира Адихамова жәбірленушілермен татуласуына байланысты және кәмелет жасқа толмаған балалары бар екені ескеріліп, қылмыстық жауаптан босатылды.

Сот 36 жастағы Саодат Азадованы "трансұлттық қылмыстық топты құрушы", қалған сотталушыларды қылмыстық топтың мүшесі деп таныды. Сотталушылар үкім оқылған кезде жылады. Олар фото, видео түсіруге қарсы болды.

Іс бойынша 36 қыз жәбірленуші деп танылған. Олардың дені жетімдер үйінде, арнайы мектеп-интернаттарында және тұрмысы төмен отбасында өскен. Арасында кәмелет жасқа толмаған қыздар да бар. Үкімді тыңдауға бір жәбірленуші келді. Ол да үкімге байланысты қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Сотталушылардың 14-і – Қазақстан азаматы. Екеуі Қазақстанда тұратын Ресей азаматы.

Судья Әбсаттар Шахидиновтың сөзінше, сотталушылар тағылған айыпты толық және ішінара мойындаған және кейбірі ісіне өкінген.

150 томнан түратын іс сотқа 14 мамырда түскен. 27 мамырда сот тергеуі басталды. Іс жабық қаралды.

Наурыз айында Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрған 39 әйелдің Бахрейнде жыныстық құлдыққа түскені анықталғанын хабарлаған. Тергеу болжамынша, 2016-2020 жылы трансұлттық қылмыстық топ жәбірленушілерді алдап, жоғары жалақыға жұмыс істеуге шақырып, олардың құжаттарын тартып алған. Өздерін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Күдікті ретінде 19 адам анықталған. Олардың 16-ы ұсталған. Қалғанына халықаралық іздеу жарияланған.