Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Әйелге талақ берген "ұстаздардың" ҚМДБ-ға "үш қайнаса бір сорпасы қосылмайды" екен

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми оқу орындарына қатыстылығы жоқ мекемелердің қызметкерлерін ҚМДБ медресе ұстаздары деп қабылдамауды сұраймыз", - деп мәлімдеді Діни басқарма.

Әйелге талақ берген "ұстаздардың" ҚМДБ-ға "үш қайнаса бір сорпасы қосылмайды" екен
фото: stan.kz

Жақында КТК телеарнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасының "Талақкер 2020" атты көрсетілімінде Нұргүл Сейтмахамбет есімді келіншектің намысы мен абыройы қорланғаны туралы басынан кешкен оқиғасы жарыққа шықты, деп хабарлады paryz.kz, ҚМДБ мәлімдемесін негізге ала отырып.

Нұргүл Сейтмахамбет өздерін дінтанушы және медресе ұстаздары деп таныстырған бұрынғы күйеуі Есей Сәлімбай мен оның әкесі Амангелді Шораұлынан көрген қорлығын және зардабын ашып айтты.

Аталған бағдарламада Есей Сәлімбай Шымкент қаласы "Тассай" медресесінің ұстазы және Сарыағаштағы медресенің қызметкері деп көрсетілген. Ал оның әкесі Амангелді Шораұлы, яғни, Нұргүл Сейтмахамбеттің бұрынғы қайын атасы Шымкенттегі танымал молда әрі "Қамар" мекемесінің директоры және республикалық қайырымдылық мекемелердің төрағасы деп көрсетілген.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әйелге талақ берген әкелі-балалы екеудің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ, ҚМДБ штатында қызмет атқармайды және оларды медресе ұстаздары деп айтуға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Бағдарламада айтылған Шымкент қаласындағы "Қамар" және "Тассай" мекемелері "Алшаң Жібек жолы" қайырымдылық қорлар ассоциациясына қарасты және оларды медресе деп атау негізсіз. Сондай-ақ, ҚМДБ-ға қарасты "Сарыағаш" медресе-колледжінде Есей Сәлімбай есімді адам қызмет атқармаған.

"Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми оқу орындарына қатыстылығы жоқ мекемелердің қызметкерлерін ҚМДБ медресе ұстаздары деп қабылдамауды сұраймыз. Мүфтият жүйесіндегі ресми медреселерге және ҚМДБ штатында қызмет атқаратын ұстаздардың абыройына негізсіз күмән туғызатын мәліметтерге сүйеніп, Мүфтият қызметкерлеріне қатысты шындыққа сай емес қауесеттерге жол беру ақиқатқа қайшы", - деп мәлімдеді Діни басқарма.