Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Жаңаөзенде он жыл бұрынғы қантөгіс құрбандарын еске алды

Еске алу шарасы өтеді деген күні қалада таңертеңнен бастап полиция күзеті күшейді.

Жаңаөзенде он жыл бұрынғы қантөгіс құрбандарын еске алды
фото: дереккөз

Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында он жыл бұрынғы қантөгіс құрбандарын еске алды деп жазады "Азаттық".

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, еске алу шарасы Жаңаөзен оқиғасынан кейін құрылған "Өзенмұнайгаз" БЖБ мекемесінің алдындағы алаңда өткен. Алайда мекеменің алдына күзет қойылып, "әлдебір тізім бойынша" адамдарды кіргізген. Күзетшілер әуелі Азаттық тілшісіне де "тізімде жоқсың" деп кіргізбеуге тырысқан, жұрт наразы болған соң кіргізген.

Жұрттың көңілінде қандай да бір қорқыныш сезімі байқалады, көпшілігі "видеоға, суретке түсірме, ондайдың керегі жоқ" деп камерадан қашқақтады.

Жиналған жұрт алдында Жаңаөзен оқиғасында қаза болған азаматтардың туыстары сөйледі.

Менің ұлыма алаңда оқ тиіп, қаза болды. Осы оқиғадан кейін БЖБ мекемесі құрылды. Кейбір жеңілдіктерге қол жеткізді, сондықтан ол ұмытылатын дүние емес, - деді Жаңаөзен тұрғыны Хасан Дүйсегенов.

Ауыр науқастан үш жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі Оңайгүл Досмағамбетова "қанша еске алсақ та, баламыз ортамызға оралмайды, бірақ енді мұндай қанды оқиғалар қайталанбасын" деді.

Еске алу шарасына 2011 жылы оқиға кезінде "аяғыма оқ тиді, сол кезде берілген 500 мың теңгеден басқа көмек тимеді, қазір жұмыссызбын" деген Гүлмира Хангереева есімді 35 жастағы әйел де келді. Ол облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына өзін жұмысқа алуды сұрап жазған арызын әкелген. Жиналғандардың бір бөлігі оның арызын құптап, қол қойып жатты.

Еске алу шарасы өтеді деген күні қалада таңертеңнен бастап полиция күзеті күшейді. Әр жерге полицейлер қойылып, полиция көліктері қаптаған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Бірақ қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.​

Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.