Талғарда қыста төселген асфальт ойылып жатыр

Жазба авторының сөзінше, мердігер компания бюджет ақшасын игеру үшін ауа райының суығанына қарамастан қызу жұмыс істеп жатыр. 

Талғарда қыста төселген асфальт ойылып жатыр
фото: видеодан скриншот

Алматы облысы әкімдігі қыстың күні қар жауып жатқанда жерге асфальт төсеп, күн жылыда бітуі керек жұмысты әлі істеп жатыр. Шала төселген асфальт қазірдің өзінде жарылып, ойылып қалған. Екі апта бұрын ғана қар жауып тұрғанда Талғардағы тратуарға жаңа жол төселгені үшін аудан әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алған еді. Бірақ бұл жағдай сабақ болмаған секілді деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның  "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар жылдың соңында, ауа райына қарамастан қара жерді жаңарту бюджетті жедел игерудің бір жолы деп пайымдап отыр. 

Бұл - Алматы облысы Талғар ауданында кеше түнгі 10-дар шамасында түсірілген бейнежазба. Кадрда жұмысшылардың көшеге асфальт төсеп жатқаны анық көрінеді. Жазба авторының сөзінше, мердігер компания бюджет ақшасын игеру үшін ауа райының суығанына қарамастан қызу жұмыс істеп жатыр. 

Осы жерді қазып, канализация жасап, мына жерден жаңа мектепке канализация жүргізіп, қазып, жаман қылып кеткен. Кеше осы жер жаман болып жатқан. Бүгін түнімен жасап қойыпты ғой, – дейді Талғар ауданы тұрғыны Лаура Дәулетбаева. 

Көшеміз толық асфальт дегенмен батпақтан көз ашпаймыз дейді маңайдағы тұрғындар. Кешегі күнге дейін жолдың жиегі қазылған күйі ашық жатыпты. Түнде жауаптылар қармен қарбаласып құбыр салып, оның бетін асфальтпен жапқан. Бірақ оның өзі қазір жарылып жатыр. 

Аудан әкімдігі болса кеше түнде шынымен де жұмысшылар жолдың бір бөлігіне асфальт төсегендерін растады. Бірақ тұтастай емес дейді. Алдағы көктемде жолды толық жасау жоспарда бар екен. 

"Bi global" компаниясы өз қаражатына уақытша төсеу жұмыстарын жүргізді. Яғни, блогердің "жыл соңы, ал бюджетті игеру керек" деген сөзі негізсіз. Мұндай мәлімдемені жарияламас бұрын ресми ақпарат көздерінен ақпаратты нақтылаған дұрыс, – дейді Мердігер компанияның жоба жетекшісі Бексұлтан Ерғалиев.

Талғар ауданының мердігерлері қақаған қыста бірінше рет асфальт төсеп жатқан жоқ. Осыдан екі апта бұрын қардың үстіне асфальт салғаны үшін аудан әкімінің орынбасары Серік Дүмшебаев қатаң сөгіс алған еді.