Түркиядан баспана алып жатқан қазақстандықтардың саны төрт есе өсті, деп хабарлайды Paryz.kz.
"Астана" телеарнасының мәліметіне қарағанда, 9 айдың ішінде 25 мың қазақстандық басқа мемлекетке қоныс аударған, солардың басым бөлігі Түркияны таңдаған екен.
Ресми мәліметтер бойынша, 2017 жылы қазақстандықтар Түркиядан 334 пәтер сатып алған болса, биылғы 9 айдың ішінде бұл көрсеткіш 1339-ға жеткен. Түркияға көшкендердің көбі Алания, Анталия аймақтарын таңдапты.
Құрылыс салушы компания үйдің сызбасын сызып жатқанда алсаңыз, әлдеқайда арзанырақ аласыз. Егер қаласаңыз, құрылыс аяқтала салысымен, сатып жіберіп, пәтердің үстінен 20-30 пайыз пайда көре аласыз. Ал шаршы метрі 50-70 болатын дайын пәтерді 50 мың еуроға сатып алуға болады. Түркиядағы нарықта сіз үйді жиһаздарымен ала аласыз. Тек тіс щеткасы мен чемоданыңызбен келсеңіз болды, - дейді Түркиядағы жылжымайтын мүлік сату агенті Мейірбек Тұрмағамбетов.Оның айтуынша, наурыз айынан бастап Түркиядан екі мыңға жуық қазақстандық баспана сатып алған. Үй сатып алушылар ол жақтағы баспана бағасының арзандығын алға тартады.