Прямая трансляция

Астана

Астана

9°C

Жылдық қорытынды есеп пен әдістемелік ұсыныстың ресми тұсаукесері қатар өтті

Ағымдағы жылдың 6 желтоқсан күні Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Деструктивті діни ағымдар адепттерімен, оның ішінде террористік белсенді аймақтардан оралған әйелдермен дерадикализациялаудың психологиялық процесін жүзеге асыру» әдістемелік ұсыныстарының ресми тұсаукесері өтті.

Жылдық қорытынды есеп пен әдістемелік ұсыныстың ресми тұсаукесері қатар өтті
фото: дереккөз

Тұсаукесерге Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры Дулат Ибрагимов, әдістемелік құралдың авторлары: Қазақстан Республикасы ҰҚК академиясының аға оқытуышысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Лола Шакимова, теолог, исламтану магистрі, «Мысль» діндерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры Аскар Сабдин, Қазақстан Республикасы ҰҚК академиясының оқытушысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Акмарал Абдукеева т.б. теологтар мен психологтар, дінтанушы мамандар, БАҚ өкілдері қатысты.

Отырысты Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов ашып, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты іс-шараларға ат салысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді. Басқарма жұмысының 100% орындалғанын айтты.  Келесі жылы бұдан нәтижелірек болатынына сенім білдірді. Саннан гөрі сапаға назар аударғанын мысалдармен тілге тиек етті.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры Дулат Ибрагимов бұл отырыстың екі бағытта өрбитінін жеткізді. Біріншіден, «Деструктивті діни ағымдар адепттерімен, оның ішінде террористік белсенді аймақтардан оралған әйелдермен дерадикализациялаудың психологиялық процесін жүзеге асыру» әдістемелік ұсыныстарының ресми тұсаукесері екенін айта келіп, әдістеменің авторы Асқар Сабдинге сөз берді.

Өз кезегінде, Асқар Сабдин террористік аймақтардан оралған, санасы уланған, заң бұзған, экстремистік пиғылдағы қадамдарға барып, жаза тартып отырғандармен жұмыс жүргізіп, оларға ықпал ете алуы үшін де нейролингвистикалық бағдарламалау әдістерін  теолог-маман білуі тиістігіне тоқталды. Көрші елдердің экстремизм мен терроризм қаупінің алдын алуға байланысты жұмыстарын көріп, біліп  жүргенін, практиканың көп екенін айтты. Ал теорияның, ғылыми зерттеулердің мардымсыздығы білінетіндіктен осы әдістемелік ұсынылып отырғанын жеткізді.

Нұр-Сұлтан қаласынан тікелей ZООM арқылы қосылған Лола Шакимова жат ағымға ерушілердің санын азайтуға ықпалын тигзетін әдістемелік деген баға берді. Психология мен теологияны байланыстыра қарастыру санасы уланып, адасқан азаматтармен жұмысты тиімділікке жақындататынын айтты.

Үшінші автор Ақмарал Сихымбаева да бұл әдістемелікті дер уақытында шықты деді. Кітапшаға енген әдістемелік кешенді рөл атқарып, жастармен жұмыс барысында өз көмегін беріп жатқанынан хабардар етті. Түсіндіру жұмысы барысында теологтар мен психологтарға да кеңес қажет болатын уақыттар кездеседі. Сол қажеттіліктің орынын толтырып отырған әдістемелікке жоғары баға берді. Әдістемелік ұсыныстарға байланысты пікір-көзқарастан кейін арнайы тұсаукесер салтанаты өтті.

Отырыстың екінші бөлімі ақпараттық-түсіндіру жұмысының барысында белсенді еңбек еткен дінтанушы мамандарды ақшалай сертификат арқылы марапаттап, құттықтаумен басталды.

Сонымен қатар басқарма мамандары біржылдық іс-шараның есебін берді. Мәселен оффлайн форматта бір жылда 279 іс-шара өтіп, 39517 адамды қамтыпты. Басқарманың  «Din-Almaty» инстаграм парақшасында 40 тікелей дәріс өткізіліп, 107135 адам тыңдаған.

Тұсаукесерде өткен уақыттарға шегініс жасалды. Сабақ алатын тұстарына арнайы тоқталды. Қаншама негативті жағдайлар да болғанымен биылғы жылды жемісті деуге болатынын басқарма басшысы қорытынды сөзінде айтты. Тарихшылар да өз тарапынан көп көмек көрсетіпті. Орамал тон болмайды жол боладыны ұстанған басқарма түсіндіру тобының белсенділерін осылайша ынталандырып, келесі жылға жаңа бағыт, соны шабыт тіледі.

Келесі жылғы жұмысқа мамандар аса құлшыныспен кірісетінін көтеріңкі көңіл күймен жеткізіп жатты. Нәтижелі жұмыстың қорытындысы арнайы мамандарға күш-қуат бергендей. Жат ағымнан көпшілікті сақтандырып, шалыс басқандарды қатарға қосуда бұл саладағы мамандардың еңбегі зор. Бәрінің де діттегені елдің мүддесі. Елдік мүддеде бірлігін таныта білген мамандардың ұйытқысы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жылдық қорытындысына біз де риза қош дедік. Аман болайық! Сақтанайық! Сақ болайық!   

                                   Еділ  АНЫҚБАЙ