Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"Үйдің іші суық, суы жарамсыз!": Оңтүстік өңірден Павлодар облысына қоныс аударғандар наразы болып отыр

Пәтер іші суық, суы ішуге жарамсыз. Кәріз жүйесі де дұрыс жүргізілмеген көрінеді.

"Үйдің іші суық, суы жарамсыз!": Оңтүстік өңірден Павлодар облысына қоныс аударғандар наразы болып отыр
фото: дереккөз

Биыл "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік өңір тұрғындары Павлодар облысының іргесінде орналасқан Ленин кентіне қоныс аударған еді. Алайда мұндағы жағдай мүлде көңіл көншітпейді деп хабарлайды Paryz.kz, inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Ленин кентіндегі жалғыз бес қабатты үй 1987 жылы салынған. Тұрғындар бұл баспанада 10 жылға жуық уақыт тұрып, 90-жылдардағы тоқырау кезінде пәтерлерін тастап, күйбең тіршілік қамымен басқа ауыл-қалаларға көшті. Ал бұл үй 20 жыл бойы қаңырап бос тұрды. Осы уақыт аралығында қоқыс "полигоны" мен кезбелердің тұрақты "мекеніне" айналған.

2019 жылы Павлодар қалалық әкімдігі бес қабатты баспананы коммуналдық меншікке алып, электронды лот бойынша 7 млн теңгеге сатты. Конкурс жеңімпазы атанған екібастұздық компания пәтерлерді ретке келтірді. Жылдар бойы жиналған қалдықтарды шығарып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Терезелер мен есіктерді ауыстырды. Орталықтандырылған инженерлік желілерді жүргізді. Су, кәріз жүйелерін тартып, жарықпен қамтамасыз ететін жеке қосалқы станса, жылу беретін арнайы қазандық салды. Кейін Павлодар қаласының әкімдігі жөнделген пәтерлерді қайтадан 300 млн теңгеден астам сомаға сатып алып, жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға үлестірді.

Алайда бұл пәтерлер адам тұрғысыз.

Мұндағы 25 отбасының сөзінше, жайлы өмір сүруге жағдай жасалмаған. Пәтер іші суық, суы ішуге жарамсыз. Кәріз жүйесі де дұрыс жүргізілмеген көрінеді.

Мұңымызды айтып, жергілікті әкімдікке бірнеше рет бардық. "Пәтерлер ұнамаса, кілттерді тапсырыңдар" деген жауап алдық. Біз бұл өңірге қолайлы жағдайды іздеп келдік. Алайда шарасыз күйде қалып отырмыз. Суды жиі өшіреді. Берген күннің өзінде оны пайдалануға келмейді. Зертханаға апарғанымда сарапшылар да осындай байламға келді, - дейді Нұрислам Айдаров.

Тағы бір тұрғын - Арнагүл Әзін үйдің іші суық екенін айтады. Сондықтан балалар пәтер ішінде де сыртқы киіммен жүруге мәжбүр. Қазандықтың үйді жылытуға қауқары жетпейді.

Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекованың сөзінше, мұның бәрі - уақытша туындаған қолайсыздық.

"Қазандықты іске қосу кезінде ақаулар шықты. Қазіргі таңда бұл ақаулар жойылып, екі подъезге жылу беру ісі қалыпқа келтірілді. Үшінші подъездегі кейбір пәтерлердің салқын болуына жөндеу жұмыстары кезінде кеткен кемшіліктер себеп. Мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр", - деді Салтанат Әкімбекова.

Алайда шешімнің қашан және қалай табылары әзірше белгісіз. Сондықтан тұрғындарға әлі біраз уақыт бүрсең қағуға тура келетін түрі бар.