Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"Қазақ елі" арағын өтімді етіп отырған өзіміздің әсіреұлтшылдығымыз-ау?!.

Тоқтамды Тоқаев айтпаса, біздің қай атқарушы орган халық сөзіне құлақ түріп еді, тәйірі?!

"Қазақ елі" арағын өтімді етіп отырған өзіміздің әсіреұлтшылдығымыз-ау?!.
фото: facebook.com

"Домбыра" деген арақ бар. Шишасы ұлттық аспап үлгісінде бедерленген ол "сайтан су" Қытайда жасалады. Ал өзіміз сыртына қазақ тайпаларының атауы мен таңбасы басылған сыра шығардық. Ол – қазіргілердің рушылсымақ болған түрін пайдаланған бизнестің жемісі. Қайсысы өтімдірек болса, сол рудың өкілдері әсірерушыл һәм алқаш деген сөз. Кезінде ең арзан, сасық темекінің аты "Президент" болып еді...

Енді Әлия Ортаева атты желі қолданушы Facebook-тегі парақшасына "Қазақ елі" деген арақтың суретін жариялап отыр. "Қастерлі атты атауға қосу қашан тоқтар екен?" деп. Тоқтамды Тоқаев айтпаса, біздің қай атқарушы орган халық сөзіне құлақ түріп еді, тәйірі?!

"Естеріңізде болса, былтыр коньякқа хас батырларымыздың атын бергендігі жайлы пост салып, ақырында Мәдениет министрінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбаймен желіде қырқысып қалып едім. Одан шыққан нәтиже қайсы? Құр қыртпа болып қалып қойды. Енді міне, ҚАЗАҚ ЕЛІ атты қастерлі атауды итке құйсаң "құсып өлетін" ішімдікке теліп отыр. "Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын", қойсаңдаршы, ҚАЗАҚ САҒАН МАЗАҚ ПА? НАМЫС ҚАЙДА, ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚҰЛДАРЫ?" - деп ашынды Әлия Ортаева.

Алайда, ақша көзделген жерде ар, нан табу жолында намыс болмайды-ау сол! Ем деп есек сүтін сатып, қымыз деп "Тандем" араластырған күріштің суын өткізіп, бәліш пен самса үшін еті арам тіршілік иелерін топырлатып сойып жатқан "кәсіпкерлерге" ұлттық ұғым, ұлт денсаулығы деген дүниені түсіндіріп көрші, қане! "Артта қалған", "ауылбай", "мамбет", т.б. болып шыға келесің табанда! Сондай-ақ, қазақтар "Қазақ елін" ішпесе, сұранысты сирете алар болса, онда ол неге мыңдап, миллиондап шығып жатыр? Демек, кінә өзімізден де бар.