Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Елімізде волонтер студенттерге материалдық ынталандыру жүйесі енгізілетін болады

Жалпы, Қазақстанда волонтер студенттерді көтермелеу жүйесін енгізу жалыңдаған жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және өңірлердегі волонтерлер қозғалысын ілгерілетуге оң ықпалын тигізетіні анық.

 

Елімізде волонтер студенттерге  материалдық ынталандыру жүйесі енгізілетін болады
Дереккөз: inform.kz

Елімізде алдағы уақытта волонтер студенттерді материалдық тұрғыдан ынталандыру мақсатында оларға ақшалай сыйақы төлеу жүйесі енгізілмек. Мемлекетте волонтерлік қызметпен айналысатын волонтер студент жастар атқарған еңбегі үшін ақшалай сыйақы алады және  олардың академиялық кредиттер саны да есептелуі мүмкін. Бұл ретте, осы мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрлігі тиісті нормаларды енгізгендігін атап өткен жөн.

Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы АҚ-ның өкілдері: «Министрлік жастардың бастамаларына ерекше ден қойып, олардың бастамаларын қолдайды. Мәселен, енді 20 сағаттық волонтерлік қызмет үшін студенттерге ваучер түрінде кредит беріледі. Бұл студент оқитын жоғары оқу орнында/білім беру ұйымында екі академиялық кредитті (сағатты) есепке алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ студент 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алады. Егер студент 50 сағат жұмыс істесе, оған бес академиялық кредит (сағат) есептеліп, 50 000 теңге төленеді», – деді.

Волонтер студенттерге арналған төлемдер тілдерді оқыту және компьютерлік сауаттылық бойынша репетиторлық қызмет, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс, сонымен бірге аула және спорт клубтарын ұйымдастыру, балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жүргізілген әлеуметтік жұмыс, қоршаған ортаны қорғау және басқа да қызметтер үшін қарастырылғанын атап өткен абзал.

Жалпы, Қазақстанда волонтер студенттерді көтермелеу жүйесін енгізу жалыңдаған жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және өңірлердегі волонтерлер қозғалысын ілгерілетуге оң ықпалын тигізетіні анық.

Естеріңізде болса, Қазақстанда ең үздік волонтерлерге жыл сайын «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы табысталады. Аталған сыйлық Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасыбойынша тағайындалған болатын. Конкурсқа әлемнің кез келген елінен волонтерлер немесе волонтерлік ұйымдар қатыса алады.

Халықаралық сыйлық төмендегі номинациялар бойынша үздік волонтерлерге  жыл сайын табысталатын болады:

1) «Үздік волонтерлік ұйым»;

2) «Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы»;

3) «Коронавирустық инфекциямен күреске қатысу»;

4) «Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары»;

5) «Үздік әлеуметтік көмекші»;

6) «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін»;

7) «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін»;

8) «Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін»;

9) «Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін»;

10) «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін»;

11) «Білімді әйгілеудегі үлесі үшін»;

12) «Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін»;

13) «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін»;

14) «Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін»;

15) «Жануарларды қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін»;

16) «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін».