Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

2025 жылы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі саласына 11,2 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда

Сонымен бірге, осы мерзімге қарай экспортталатын өнім өндірісінің көлемін 9,1 млрд. АҚШ долларына арттыру күтіліп отыр.

2025 жылы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі саласына  11,2 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда
Дереккөз: inbusiness.kz

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін 11,2 трлн. теңге инвестиция өңдеу өнеркәсібіне жұмсалатыны жайлы мәлімет таратты. Дәлірек айтсақ, бұл ауқымды жоспар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу ұлттық жобасының «индустриялық-инновациялық даму» бағыты бойынша жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, аталған бағыттың мақсаты – өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті өнімін өндіру болып табылады. Бұл ретте, осы мақсатқа қол жеткізу үшін, келесідегідей міндеттер қойылған: 

  • өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту;
  • өндіріс көлемін ұлғайту
  • өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту және т.б.

Осыған орай, министрлік өкілдері аталған міндеттерді шешу арқылы стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынын мәлімдеп отыр.  Мысалы:

  • өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін 2019 жылғы деңгейге қарағанда 38,9%-ға өсіру;
  • өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға инвестициялардың көлемін 2019 жылғы деңгейге қарағанда 79,5%-ға арттыру;
  • өңдеу өнеркәсібі өндірісінің номиналды көлемін 2020 жылғы деңгейге қарағанда 1,5 есеге ұлғайту.

Бұл ретте цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 23%-ға және өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 19 трлн. теңгеге дейін артпақ. Сондай-ақ, осы жоспарларды жүзеге асыру нәтижесінде, жаңа өндірістерді іске қосу есебінен салық түсімдері де артады деп жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін ел бюджетіне 9,1 трлн. теңге салық аударымдары түседі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың соңына дейін өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына 11,2 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғандығын атап өткен абзал. Сонымен бірге, осы мерзімге қарай экспортталатын өнім өндірісінің көлемін 9,1 млрд. АҚШ долларына арттыру күтіліп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылғы деңгейге қарағанда өңдеуші өнеркәсіп қызметкерлерінің жалақысы 31,5%-ға өспек. Осыған сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 100,3 мың адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Жалпы, индустриялық-инновациялық даму бағытын жүзеге асыруға 2021-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 264,3 млрд. теңге көзделгенін атап өткен жөн.