Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

Басқа пәле тілден...

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының мақсаты халықты жат ағымдар мен діни теріс топтардан арашалау. Сол үшін олардан қалай сақтанудың жолын түрлі тәсілмен жеткізіп келеді. Көпшілік ой түйсе, сақтанса, сауаты көтерілсе дейді.

Басқа пәле тілден...
Фото взято с сайта turaninfo.kz

Ел арасында деструктивті діни теріс топ десе, «бұл тақырып көп айтылды, халық қазір түсінді» деген сыңайда пікір айтатындар кездеседі және бұл пікірді көпшілік алдында сенімді түрде жария ететіндер бар. Әрине, мұндай сөзді естігенде адамның іші жылып қалатыны рас. Жүргізілген жұмыстан нәтиже шыққаны, ұйымдастырылған іс-шаралардың жеміс бергеніне қалай қуанбассың?! Иә, нәтиже бар. Қазіргі уақытта мемлекеттің бұл тақырыпта үздіксіз жүргізіп келе жатқан жұмысының арқасында халықтың діни сауаты көтеріліп, неден сақтанып, кімнен қорғану керектігін біліп қалды.  Алайда, әлі де арбауға түсіп, алданып қалған жандар кездеседі. Соның бірі қызылордалық Нұрхан Есеналиев. Елуді еңсерген егде адамның алдауға ілінгені оқырманға ой салуға тиіс. Тұзаққа түскен тағдырды тағы бір мақаламызға арқау қылып отырған жаймыз бар.

Бұл дегеніңіз – арқаны кеңге салып, жайбарақаттық етуге ерте екенін көрсететін факт. Жат ағымдар өз жұмысын жалғастыруда. Елімізде сот шешімінен экстремистік деп танылған «Таблиғи жамағат» ұйымына Нұрхан  мүше болған. Жасырын пәтерде жақтастарын жинап, заңсыз дағуат жүргізген. Оның өз айтқанын келтірейік. Айыпталушы Нұрхан Есенәлиев: «Былтыр осы қалада болған. Короновирустың кезінде ғой. Бөлем қайтыс болған еді. Жерлеп келгеннен кейін  пәтерде таныс балдармен бірге болғанбыз. Сол кезде әңгіме айтылды. Бір-бірімізге дағуат айттық. Үш-төрт күн сол жерде болдық».

Өмір бар жерде өлім бар... Қайтыс болған туыс. Оны жерлеу. Одан кейін бір пәтерге келіп, бас қосу...  Өмірде болатын жағдайлар. Бірақ сол  жағдайлардың ішінде жат ілім, теріс бағыт адам санасына сіңіріліп кететіні өкінішті. Біреу қылмысты біліп істейді, екінші біреу өзінің істегенінің қылмыс екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан сауаттың жоғары болуы, көздің ашық, әр нәрсеге ойланып қарауға тура келетін заман екенін ескерте кеткен жөн. Жоғарыда айтқанымыздай Нұрхан Есенәлиев «Таблиғи жамағат» ұйымының мүшесі. Бұл қандай ұйым?

«Таблиғи жамағат» ұйымының  негізін Мұхаммед Ілияс 1926 жылы Үндістанда қалаған. Ізбасарлары үш, жеті, қырық күн  елдімекендерді аралап, ұстанымдарын насихаттайды. Бұлардың төрт айлық сапарлары Үндістан, Индонезия, Пәкістан елдеріне бағытталған. Нұрхан да Үндістанда жарты жыл жатып, ұйым идеологиясын санасына сіңіріп қайтқан. Ал ол ұйымның елімізде жұмыс жүргізуіне тиым салынғанын Нұрхан біле ме, білмей ме, белгісіз... Ол тергеу барысында анықталатын шаруа. Алайда білмей қалу жазадан құтқармайды.  Сондықтан оқырман біле жүрсін деген ниетпен заң маманына сөз берейік.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа  аудандық сотының судьясы Гүлдана Сермағанбетқызы: «Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешімінің негізінде бұл ұйым экстремистік ретінде танылып, олардың қызметіне тиым салынған болатын. Олардың түпкі мақсаты белгілі бір елде халифат орнату. Мұның барлығы соттың шешіміне дейін анықталған».

«Таблиғи жамағат» ұйымы ғылым мен білімге мән бермейді. Қарапайым гигиена қағидаларын сақтамайды. Көшеде кезіккен адамға тап беріп, кәлима айтуын талап етеді. Одан қалды әр үйдің есігін қағып, шырқын бұзады. Бұл арнайы зерттеулерден кейінгі тұжырым. Нақтылай түсу үшін діни қызметкердің пікірін келтірейік.

ҚМДБ «Діни білім және кадр даярлау» бөлімінің меңгерушісі Смаил Сейітбеков: «Олардың кемшілігі адамдарды дінге шақырамыз деп, керісінше, деструктивті діни топтардың жемтігіне айналдырады. Дінге қызықтырды, қызықтырды да тастап кетті. Ал ол әлгіндей діни теріс топтардың құрығына тез ілінеді. Былайша айтқанда, балықты жағаға шығарып берсе, аржағындағы қуырып жеуді діни теріс топтардың, жат ағымдардың еншісіне қалдырып кетті. Сол үшін бұлардың ең үлкен кемшілігі осы»

Дінді ұстай білсең, қасиет, ұстай алмасаң, қасірет деген осындайдан айтылса керек. Өркениеттен  безіп, надандық атты шыңырауға құлаған Нұрхан Есенәлиев қазір тергеу изоляторында. Қылмысын мойындап отыр: «Тілімнен таптым. Өзімнің кінәм. Мешітке барыңдар деп айтам. Мешітте имамдар бар ғой, айтатын. Соларды тыңдадыңыздар. «Таблиғи жамағатқа» жоламаңыздар!»

Басқа пәле тілден деп атам қазақ тектен тек айтпаса керек. Ауызға абай болған абзал. Жеті баланың әкесі Нұрхан өз ұрпағын көзі тірісінде-ақ жетімекке айналдырып отыр. Бұл өте ауыр жағдай,  жазаның да жеңіл болмайтынын ол сезеді. Жаза өлшемі соттың еншісінде. Біздің айтпағымыз әркімнің абай болуы. Сақ болайық! Сақтанайық!

                                             Еділ АНЫҚБАЙ