Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Директорға жем болуымыз керек пе?!": Шымкентте мұғалімдер шу шығарды

Енді айлық берер уақыт жақындағанда ұжым тағы да не директор, не есепшіні таппай отыр.

"Директорға жем болуымыз керек пе?!": Шымкентте мұғалімдер шу шығарды
фото: ашық дереккөз

Шымкенттегі №115 мектепте былтыр бас бухгалтер ауысқалы мұғалімдер жалақысын алудан қалған. Зейнетақы қорына аударымдар бірде түссе, бірде түспей қалатын көрінеді деп хабарлайды Paryz.kzКТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Биыл келген директор мәселені шешпек түгілі, ұжымға бас көтермеуін ғана талап ететін көрінеді. Ақыры сабыры таусылған педагогтар бүгін қаланың Білім басқармасындағыларды шақырып, шу шығарды.

Мұғалімдердің айтуынша, бірде айлық жырымдап берілсе, кейде мүлдем берілмей қалады. Одан қалса Еркебұлан есімді есепші ұстаздарды жеке-жеке шақырып, жалақы түгілі, "мектепке қарызсыңдар" деп, өз есебін көрсетеді екен.

Мен негізі 187 мың алуым керек. Содан 36 мың-ақ қолыма тиді. Кредитім бар. Оны үкімет күте тұрмайды ғой. Әсіресе, үйсіз жүрген жастарға қиын, зейнетақы қоры да быт-шыт болды. Мына кісілердің барлығы кредит алғысы келеді. Ол да жоқ. Айлық мүлдем жоқ. Біреуі 400 мың қарыз. Біреуін 200 мың қарыз қылып қойған. Бәріміз қарызбыз, әйтеуір. Түсініксіз. Түсіндірмейді, - дейді Нағима Пернешова.

Түсініксіз жағдайда қарыз болғандардың зейнетақы қорына бөлінген қаржысы да жоқ. Яғни жарнаға деп айлықтан ақша ұсталғанымен, жарнаға бір бөлігі түссе, кейде мүлдем аудармайтын көрінеді. "Оқу жылы басталғалы қарызсыңдар" деп, мектептің жарығы мен интернетін де өшіретінді шығарған.

Биыл қыркүйек айында тағайындалған директор сабырға шақырғаннан бөлек істейтіні жоқ дейді. Енді айлық берер уақыт жақындағанда ұжым тағы да не директор, не есепшіні таппай отыр.

Білім басқармасы ешқандай жауап бере алмаса, осы мектептің мәселесін шешіп бере алмаса, не үшін отыр? Сонда біз әр келген директорға жем болуымыз керек пе? Әр келген есепші ақшамызды жеп кете беруі керек пе? - деп ашынды Мақпал Құлжанова.

Ұжым шулап, басшыларын талап еткен соң Білім басқармасынан бір топ шенеунік жетті. Мәжіліс залы болмаған соң ұжымды аядай сыныпқа жинап, шағымдарын тыңдады. Айтуларынша, былтырдан бері болып жатқан бассыздықты бүгін ғана білдік деген олар енді төбе көрсетпейтін директор мен есепшіні іздеп тауып, мәселені шешеміз деп сендірді.

Осы жердің есепшісін табамыз. Сол кісінің құжаттарын көтере отырып, осының бәрін анықтап, әрмен қарай жұмыс істейміз. Жалпы бюджеттен барлық мектепке уақытылы қаржы қаралып, уақытында игеріліп жатыр, - дейді Шымкент қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Рыскелді Әліш.

Шенеунік сөзіне сенсек былтырдан бері жалғасып келе жатқан былықты бас-аяғы он күнде тексеріп нүктесін қоймақ. Жетпей қалған ақшаны да, зейнетақы қорына түсуі тиіс жарнаны да түгелдеп тастаймыз деп бекініп отыр. Жедел тексерістің соңы директор мен есепшіге оңай болмайтын сияқты. Себебі осы уақытқа дейін жоғарыдан түгел түскен қаржы ұжымға қитұрқылық жолмен жетпей қалғаны белгілі болса, қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.