Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

"Орыс тілін білмесең - қиын": Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар жұмыссыз жүр

Өйткені көбі ай сайын алатын 49 мың теңге жалақыға әрең күн көріп жүргендерін айтады. 

"Орыс тілін білмесең - қиын": Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар жұмыссыз жүр
фото: видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысына "Еңбек" бағдарламасымен оңтүстіктен көшіп келгендер жұмыссыз жүр. Жоғары білімі бар кейбірі, тіпті мал бағуға мәжбүр. Өйткені мамандық бойынша істейтін жұмыс жоқ. Ал бар жерде тілдік кедергілерге тап болады деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Сондықтан еріксіз шұлық, биялай сатып, бала-шағасын асыраудың, аш қалдырмаудың амалын жасап жүргендер көп. Қызметке кіргендердің де жағдайы жақсы емес. Өйткені көбі ай сайын алатын 49 мың теңге жалақыға әрең күн көріп жүргендерін айтады. 

Оңтүстіктен көшіп келген Айдана Ибрагимова – информатика пәнінің мұғалімі. Бірақ көшіп келгелі мамандығы бойынша жұмыс таба алмапты. Қазір күйеуінің 49 мың теңге жалақысы мен балаларға алатын 50 мың теңге әлеуметтік көмекпен ғана күн көреді. Бұдан бөлек, мемлекет берген үш бөлмелі үй де суық дейді. Тіпті баспана жылы болуы үшін екі бөлмені бітеп, жалғыз бөлмеде үш баласымен бірге жылынып отыр екен. 

Көріп отырсыз ғой, қабырғалары жарылған. Төбе әшейін тақтай. Есікте мұз қатып жатыр. Суық бәрібір. Жағасың, ыстық ұстамайды. Бәрі жоғарыдан шығып кетеді. Астынан, үстінен суық келеді. Жан-жақтан жел келеді, – деді Покровка ауылының тұрғыны Айдана Ибрагимова.

Мақпал Тоқтанаева да ауылдан жұмыс таба алмағандықтан облыс орталығындағы базарда сауда жасап жүр. Үйдегі төрт баласын тамақтандыру үшін шұлық, биялай сатып күн көреді. Ал жоғары білімді заңгер мамандығын тәмамдаған жолдасы о баста 70-80 мың теңгеге мал баққан. Бірақ тапқан табысы отбасын асыруға жетпегендіктен ақыры Атырауға вахталық әдіспен жұмыс істеуге кетіпті. Мақпалдың айтуынша, солтүстікте орыс тілін білмей жұмысқа тұру қиын. 

Қазақ елінде тұрып осында қазақ тілінің мәртебесі осынша төмен болғанына жаным ашиды. Кез келген жерге жұмысқа барсақ та орыс тілін міндеттеп қояды. Жолдасым бар. Мамбетовке малшы етіп кіргізді жұмысқа. 49 мың теңге айлық бізге жеткен жоқ. Сосын одан бас тартып, Атырауға кетті, – дейді Покровка ауылының тұрғыны Мақпал Тоқтанаева.

Ауыл әкімі көшіп келгендердің көбінің білімі жоқ, сондықтан өз кәсібін ашқысы келетіндер көп дейді. Ал қара суықта бір бөлмені әрең жылытып отырған отбасының жағдайын жөндеуге уәде берді. 

Жоғарғы білімі болса айына 60 мың жалақы төлейді. Ал жоғары білім болмаса 40-45 мың ақша шығады. Жақсы-жаманы жоқ. Біз бекітпейміз ғой оның көлемін. Үкімет бекітеді, – деді Пригородный ауылдық округінің әкімі Мұрат Қарабалаев.

Солтүстікке бес жылда "Еңбек" бағдарламасымен он мыңға жуық адам көшіп келген. Оның төрт мыңға жуығы еңбекке жарамды. Екі жарым мыңы тұрақты жұмысқа орналасып, 598 адам кәсіп ашқан. Ал бір мыңға жуық адам жұмыссыз не жұмыс таппай қайта көшіп кеткен.