Жұмыстың нәтижесін көрсететін конференция өтті

Ағымдағы жылғы  25 қараша күні «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам  мәдениеті университетінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Кеңес беру және оңалту орталығының» жұмысына арналған пресс-конференция өтті. Конференцияға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Кеңес беру және оңалту орталығының» директоры Руслан Қайыргелді секілді теолог, дінтанушы мамандар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жұмыстың нәтижесін  көрсететін конференция өтті

Конференцияда негізінен «Кеңес беру және оңалту орталығының» атқарған жұмыстары, одан шыққан нәтижелері сөз болды. Аталмыш орталық 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында бұл орталық көптеген жұмыстар атқарған. Мәселен, биыл жат ағымның алдауына түскен екі мыңнан астам азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Оның ішінде жүзге жуық мұсылман шынайы исламды тапса, үш жүзден астам азамат қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімделген, дұрыс бағытқа түскен. Орталықтың негізгі міндеті деструктивті діни ағымдардың  ықпалына түскен азаматтарды психолгиялық қолдау, теологиялық оңалту, діни сауатын көтеру. Нақтырақ айтқанда орталықтың басты жұмыстары  кеңес беру, оңалту, түсіндіру бағыты бойынша жүреді. Бұл бағыттардың өзі бір-бірімен тығыз байланысқан этап негізінде өрбиді.

Бүгінде орталықта 12 теолог-маман қызмет істейді. «Кеңес беру және оңалту орталығының» директоры Руслан Қайыргелді конференция барысында асыл дініміз – ислам туралы көбірек білгісі келетін азаматтарға орталықтың есігі қай кезде де ашық екенін жеткізді. Сондай-ақ орталықта жат ағымдардың жалған идеологиясынан арылуға мүдделі  азаматтар үшін тәжірибелік оқыту курстары  ұйымдастырылатынына тоқталды. Мысалы үшін осы жылдың қыркүйек-қараша айларында «QAZAQMEDCLINIC» медициналық орталығында балалар массажы мен хижама жасауға байланысты оқыту курсы ұйымдастырылған және дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша ерлер мен әйелдерге жеке-жеке «Сенім телефоны» үздіксіз жұмыс істейтінін жеткізді. Алдағы уақытта бұл  орталық жоғарыда баяндалған бағыттар бойынша жұмыстарын күшейтіп, жетілдіре түсетінін айтты.

Өз кезегінде теолог-маман Назерке Жетпісбайқызы да атқарылған жұмыс барысына тоқталып өтті. Бүгінгі таңда бұл орталық ерлермен бөлек, әйелдермен өз  алдына жеке жұмыс жасайтынын айтты. Жұмыс барысында кездесетін қиындықтарға қарамастан, алдауға түскен әйелдермен қарым-қатынас орнатып, жүйелі байланыстың арқасында нәтиже шығып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, «бірінші кездесуде не айтылу керек, екінші жолыққанда әңгіме қалай өрбу қажеттілігі бізде айқын, яғни, алдын ала болжанады» - дейді теолог.

Санасы сан саққа жүгіріп, жат ағымның идеологиясынан толық арыла алмай тұрған әйелдер бірінші кездесудегі  қалыбынан ауытқуы мүмкін екен. Алайда тәжірибелі мамандар теріс діннің жетегінде кеткендердің психологиясын меңгеріп, олармен тіл табысудың, дұрыс жолға салудың тәсілін тиімді қолданғандықтан да жұмыс нәтижелі деуге негіз бар екен.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың діни экстремизм мен тероризмнің алдын алуға байланысты жүргізіп отырған жұмыстары жоғарыда аталған орталықпен ғана шектелмейді.

Бұдан бөлек басқарманың жанынан ашылған Дін мәселелерін зерттеу орталығы бар, әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы ұйымдастырылатын  дәрістер, сондай-ақ  спорттық шаралар, білім ордалары мен мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелермен орнатылған байланыстар, онлайн іс-шаралар, тікелей эфирлер бүгінде  өз жемісін беріп жатқанын  Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке дәйекті дәлелмен көпшілікке баяндап берді. Ұйымдастыра білсе, қандай да жұмыс өз жемісін береді.  Конференция барысында басқарма басшысы орынбасарының түйінді сөзінен осындай тұжырымға келдік. Бәрі де ел игілігі үшін. Жастарымыздың болашағы, мемлекетіміздің тұтастығы үшін. Ең бастысы сақ болайық! Сақтанайық!

                                            Еділ АНЫҚБАЙ