Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Павлодарда 11 млрд теңгеге салынған қазандық әлі күнге дейін іске қосылмаған

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында аймақ басшысы қазандықтың тамыз айында пайдалануға берілетінін айтқан еді.

Павлодарда 11 млрд теңгеге салынған қазандық әлі күнге дейін іске қосылмаған
фото: дереккөз

Өткен демалыс күндері Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласын жылытатын жергілікті зауыттың қазандықтары істен шығып, шағын шаһар толығымен "қатып қалды". Ал бұл тұста қазынаның қыруар қаржысына салынған қазандықтың іске қосылар түрі жоқ деп хабарлайды Paryz.kzinbusiness.kz-ке сілтеме жасап. 

Ақсу қаласы соңғы жарты ғасырдан астам уақыт аралығында Ақсу ферроқорытпа зауыты арқылы жылытылады. Алайда бұл кәсіпорын желілері әбден ескіріп, жылу маусымында үнемі апаттық жағдайлар болып жатады. Оған қоса, соңғы жылдары шаһардағы тұрғын үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар саны айтарлықтай көбейді.

Сәйкесінше, ескі қазандықтардың қуаттылығы жаңа нысандарды жылытуға жете бермейді. Сондықтан осыдан бес жыл бұрын дербес қалалық қазандық құрылысын бастау ұйғарылды. Бұл мақсатқа 2016 жылы 6,3 млрд теңге, 2017 жылы республикалық бюджеттен тағы 1,7 млрд теңге бөлінді. Бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бұл сома мардымсыз болып қалды. Сөйтіп, мемлекет қазынасынан тағы бірнеше млрд теңге қарастырылды. Ақыр соңында бұл жобаны іске асыруға барлығы 11 млрд теңге жұмсалды.

Мердігер компанияның күрделі құрылыс жөніндегі директоры Әлібек Серғалиевтің сөзінше, жоба барысында бірнеше өзгертулер мен толықтырулар болды. Мәселен, бастапқыда теміржолды қазандық аумағына дейін тарту да, сол жолдың бойындағы бағандар да жобада болмаған. Сол себепті бастапқы бағадан анағұрлым қымбатқа шығып, жұмыстар созылып кетті. Бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Мұнда жалпы қуаттылығы 180 гигакалорийді құрайтын алты бірдей қазандық бар. Ал Ақсу қаласы тұтынатын жылу энергиясының көлемі 110 гигакалорийден аспайды. Демек қазандықтың қуаттылығы жеткілікті. Тек ол әлі күнге дейін іске қосылмай тұр.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қазандықтың келесі жылғы жылу маусымы кезінде ғана қолданысқа тапсырылатынын айтты.

Ақсу қаласындағы қазандық – техникалық тұрғыдан өте қиын нысан. Ол іске қосылған күннің өзінде зауыттың қазандығын толығымен алмастырмайды. Екі қазандық қатар істейді. Қазіргі уақытта мұнда тарифке қатысты мәселе бар. Екі қазандықтан берілетін жылу тарифі екі түрлі болып тұр. Ертеңгі күні тұрғындар мен басқа да нысан иелерінің қалтасына салмақ салмас үшін тиімді бағаны белгілеуіміз керек. Содан соң ғана жаңа қазандық қаланы жылытуға көшеді, – деп мәлімдеді облыс әкімі.

Ал осы жылдың маусым айында дәл осы алаң – Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында аймақ басшысы қазандықтың тамыз айында пайдалануға берілетінін айтқан еді. Өкінішке қарай, бұл жоспар орындалған жоқ. Салдарынан қыс келмей жатып шағын шаһар тұрғындарына жылу "жетпей жатыр".