Атырау үстінен у шашылды деген ақпарат тарап жатыр

Алайда бұл ақпаратты Атырау облысының әкімдігі жоққа шығарып отыр. 

Атырау үстінен у шашылды деген ақпарат тарап жатыр
фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде Атырау қаласының үстінен химикаттар шашылғаны туралы ақпарат тарады. Бұған дәлел ретінде ұшақтан соң аспанда қалған конденсациялық іздері бар сурет жарияланды деп хабарлайды Paryz.kz.

 Stopfake.kz сайтының мәлімдеуінше, бұл ақпаратты Атырау облысының әкімдігі жоққа шығарған. 

Атырау облысы Экология департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша ведомствоға ешқандай шағым түспеген. Атырау облысы аумағында орналасқан атмосфералық ауа сапасын бақылау станциялары да осы оқиғаға байланысты ешқандай шығарындыларды тіркеген жоқ. Ұшу аппараттарымен қандай да болмасын химикаттарды шашу немесе өңдеу туралы пікірлер жалған, – деп хабарлады ведомство.

Мамандардың айтуынша, фотода көрсетілген ақ жолақтар конденсациялық із болып саналады. Олар ауада қозғалған ұшу аппараттарынан кейін атмосферада конденсацияланған ылғалдан, тамшылардан немесе мұз кристалдарынан қалыптасатын іздер.