Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Депутат халық шағын несие бойынша қарызға батып жатқанын айтты

2021 жылғы тоғыз ай қорытындысы бойынша микроқаржы ұйымдарының жиынтық кредиттік портфелі 27,8 пайызға ұлғайды және 1,3 триллион теңге болды.

Депутат халық шағын несие бойынша қарызға батып жатқанын айтты
фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева шағын несие беру ұйымдарында 145 мың теңгеге дейінгі жоғары несие пайыздары туралы айтты деп хабарлайды Paryz.kzTengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

145 мың теңгеге дейін шағын несие рәсімдегенде қарыз уақытылы төленбесе берешек екі есе өседі. Бұл ретте борышты өтеу мерзімін ұзарту немесе қайта бөлу өтініштерін микроқаржы ұйымдары қарастырмайды. Несие алған азаматтар 145 мың теңгеге қарызға белшесінен батады. Ел бойынша мұндай жағдай аз емес. Негізінен бұл тұрғын үй, баспана алу немесе емделу үшін несие алуға мәжбүр болған халықтың әлеуметтік осал бөлігі. Мұндай шағын несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 2333 пайызға жетеді, - деді Еспаева Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың атына жолдаған сауалында.

Ол мұндай пайыздар тек 50 АЕК-ке дейінгі, яғни 145 800 теңгеге дейінгі несиеде есептелетінін айтты. Себебі 2019 жылы 56 пайыз шегінде тиімді сыйақы мөлшерлемесінен асырмау туралы міндетті талап енгізілді. Алайда бұл шектеулер 50 АЕК-тен аспайтын сомаға 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін шағын несиелерге әсер етпейді.

Мұндай несие бойынша сыйақы Ұлттық банктің жарғысында белгіленеді. Егер жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені (ЖТПМ) есептеуге арналған калькуляторға осы мәндерді енгізсеңіз, онда 100 мың теңге несие сомасы және оның бір айда қайтарылуы 130 мың теңге сомасында пайыздық мөлшерлеме шамамен 2333,95 пайыз болады, - деді депутат.

Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша 50 АЕК дейінгі және 45 күнге дейінгі сомаға берілген микрокредиттер портфелі 2020 жылдың басында 61,5 миллиард теңге, ал 2021 жылдың басында 71,9 миллиард теңге болды. 2021 жылғы тоғыз ай қорытындысы бойынша микроқаржы ұйымдарының жиынтық кредиттік портфелі 27,8 пайызға ұлғайды және 1,3 триллион теңге болды.

Қарыз жүктемесінің бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында Еспаева микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін реттеуді қайта қарауға және қарыздың сомасы мен пайдалану мерзіміне, атап айтқанда ЖТПМ - 56 пайызына қарамастан жалпы реттеуді енгізуге шақырды.