Баспанасынан айырылған алматылық салымшылар наразылыққа шықты

2006 жылдан бастап келісімшарт жасап, ақшасын төлеген салымшылар әлі күнге дейін үйлерін алмаған.

Баспанасынан айырылған алматылық салымшылар наразылыққа шықты
фото: дереккөз

24 қараша күні, яғни бүгін сағат 10:00 кезінде Алматы қаласы "Көк-Бәйтерек" ЖШС бізді баспанамыздан айырды деген бір топ адам наразылық білдіруге жиналды деп хабарлайды Paryz.kz, Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір топ адамнан тұратын акцияға Алматы қаласы әкімдігі Ганди саябағында өткізуге рұқсат берген. Жиналғандар бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударуын сұрайды.

Наразы топтың талабы:

  • Үлескерлердің құқығын қалпына келтіру;
  • Алматы қаласы прокуратурасының бассыздыққа жол бермеуі.

Жиналғандар "15 жыл бұрын сатып алған үйімізді қайта сатып жатыр. Бізді жалғыз баспанамыздан айырды. Тау-Көктем тұрғын үйінің салымшыларына көмектесіңіздер" деген жазуы бар бірнеше плакат іліп қойды.

Оқиға қалай өрбіді?

Салымшылардың құқығын қорғаушы заңгер Андрей Казначеевтің айтуынша, 2006 жылдан бастап келісімшарт жасап, ақшасын төлеген салымшылар әлі күнге дейін үйлерін алмаған.

Нысанның 95 пайызға жуығы дайын болған. Құрылыс компаниясының ақшасы жетпей, нысан банкке өтеді. Содан кейін банк жерді жаңа құрылыс компаниясына сатады. Жаңадан келген «Көк-Бәйтерек» ЖШС салымшыларды шетке ысырып тастап, үйлерді қайтадан сатып жатыр. Олар тұрғын үйді толық өңдеп, пәтерлерді сатуға шығарды. Жиналған адамдардың көбі қазір баспанасыз қалды. Салымшылар бас-аяғы алпысқа жуық адам. Барлығы жүз пайыз ақшасын төлеп қойған. Қылмыстық іс қозғалды, директор табылып сотталды, іс сонымен тоқтап қалды, – дейді заңгер.