Болашақта зейнеткерлер жайлы түрлі роликтер түсірмек жоспары да бар.
Петропавл тұрғыны ойламаған жерден әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. 73 жастағы Валентина Золотарева Tik Tok желісіне түрлі бейнероликтер жариялап, әп-сәтте танымал болып кеткен деп хабарлайды Paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Валентина Золотареваның қазір 127 мың оқырманы бар. Күніне оған мыңдаған адам тіркеледі. Зейнеткер көбіне интернетте қыз-келіншектерге түрлі кеңестерін айтады. Tik Tok қолданушыларын таңғалдыру оңай емес. Дегенмен әжейдің жариялаған видеолары пайдалы болғандықтап көптің көңілінен шыққан. Яғни роликтері аз ғана уақытта мыңдаған лайк жинайды.
Алғашында күлкілі видеолар түсірген едім. Бірақ ол жұртқа ұнамады. Ойлана келе деніміз сау, сұлу болу үшін халық рецептері жайлы роликтер түсіріп, жариялай бастадым. Осылайша, контентімді қалыптастырдым. Қазір шамамен күніне 3 сағаттай уақытымды интернетке жұмсаймын. Пайдалы кеңестеріме ризашылығын білдіріп жатқандар өте көп, – дейді Валентина Золотарева.
Қазірдің өзінде Валентина әжей Tik Tok-та екі мыңнан астам видео жариялаған. Бастысы бұл ермегі өзіне ұнайды. Болашақта зейнеткерлер жайлы түрлі роликтер түсірмек жоспары да бар.