Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Миллиардтар құйсақ та, қазақ футболында гол жоқ, ал ауылдарда жол жоқ! - депутат (ВИДЕО)

Оның айтуынша, жақсы футболшылардың тапшы болатыны - өзіміздің футболшыларымызды дайындаудың орнына, мол қаражатты шетелдік легионерлерге жұмсаудың тікелей нәтижесі.

Миллиардтар құйсақ та, қазақ футболында гол жоқ, ал ауылдарда жол жоқ! - депутат (ВИДЕО)
фото: aladop.kz

Халық қазынасы қазақ футболшысын дамытуға емес, шетел футболшысын байытуға жұмсалып жатыр? Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ! Нәтижесіз футболға бөлінген 133 млрдқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өзінің facebook парақшасында. 

Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардтарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті! 

Осылай деген "Ақ жол" фракциясының мүшесі Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Осыдан үш күн бұрын, 14 қарашада 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан ұлттық командасының Франция командасынан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен ойсырай жеңілуі елдің қатты наразылығына ұшырап, қоғамда резонанс тудыруда.

Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд жұмсалғаны, тек “Астана” клубының өзіне 15 млрд бөлінгені жарыса жазылуда.

Бірақ нәтиже қайда?!.

Бұл бас бапкердің емес, біздегі жалпы футбол жүйесінің кінәсі!

ҚР Футбол федерациясының бас хатшысы кешегі баспасөздегі сөзінде: “Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, қайдағы миллиардтар, 200 миллион теңге ғана алдық” деп жауап беріпті. Ал «жеңілістің себебі - жақсы футболшылардың тапшылығы» - деп ақталуда.

Федерация «бюджеттен көп қаржы алмаймыз» дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда. Соңғы үш жылдағы облыстық әкімдіктердің кәсіби клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес - 111, 2 млрд. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самрұқ-Қазынадан, демеушілер бөлген қаржыларды қосар болсақ, олардың есебі жоқ – өйткені ресми мәліметтер жоқ. Футбол әлемі бойынша барлық анық ақпараты бар transfermarkt.com сайтының мәліметі бойынша Қазақстан футболының бір жылдық бюджеті -133 млрд теңге! - дейді депутат.

Оның айтуынша, жақсы футболшылардың тапшы болатыны - өзіміздің футболшыларымызды дайындаудың орнына, мол қаражатты шетелдік легионерлерге жұмсаудың тікелей нәтижесі.

Мысалы, Премьер-лигада 2021 жылы 371 футболшы болса, бақандай 150-і, яғни жартысына жуығы легионерлер, оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосыңыз, бәрі 166 легионер бар екен.

Халық қазынасы қазақ футболшысын дамытуға емес, шетел футболшысын байытуға жұмсалып жатыр!?

Легионерлерге өзіміздің футбол нарығымыз қалыптасқанша шектеу қоюымыз керек

Біздің Қазақстан футбол федерациясы талабының бір түсініксіз жері, Қазақстан чемпионатына еш уақытта өңірлердегі футбол клубтары қатыса алмайды. Себебі, федерация ережесі бойынша, өңірлердегі футбол клубтары республика чемпионатына қатысу үшін сол жерде кәсіби футбол лигасында ойнайтын клуб болуы керек!?. Ал кәсіби футбол лигасында ойнайтын клуб аудан түгілі, қалалардың бәрінде жоқ қой. Тек облыс орталықтарының өзінде бір- біреуден ғана! Бұл ендеше өңірлердегі, мысалы шалғайдағы Шардараның, жырақтағы Жымпитының немесе шекарадағы Нарынқолдың футболшылары ешуақытта Қазақстан чемпионатына қатыса алмайды деген сөз. Ал алыс өңірлерде кімдер тұрады? Яғни қазақ футболшыларының футболға жақындай алмай жүргенінің басты себебі осында жатыр. Сонда егер ол кәсіби футбол клубында ойнай алмаса, аудандардағы балалар мен жасөспірімдер футбол мектебі мемлекеттің миллиондаған қаржысын шығындап, не үшін футболшыларды дайындап жатыр деген заңды сұрақ туады…

Кезінде “Ақ жол” фракциясы бірнеше рет депутаттық сауал жасап көтергендей, қаржыны балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсау керек. Футбол академиясын қалыптастыруымыз керек. Ауылдардағы талантты балаларды тартуға жағдай жасау керек, - деді мәжілісмен.

Қазыбек Иса бюджеттен футболға бөлінген қаржылардан балалар футболына жеткілікті жұмсалып келеді деп айту қиын екенін, демек, жақын болашақта Қазақстан футболының дамуы да қиын болатынын айтты.

Балалар футболының даму өлшемдерінің негізгісі - трансферлік құнымен, клубқа түсірген табысымен өлшенеді. Осы күнге дейін Еуропа клубтарына өзіміз дайындаған 1 футболшыны трансфер жасай алмадық. Табыс түсіре алмадық. Миллиардтар құйып, Бразилияға алақайлап шығарып салған балақайлар қайда қазір? Сол 78 баланың кәсіби клубтарда ойнап жүрген біреуі де жоқ?! Сонда оларды футболда дамытуға жібергенбіз бе, жоқ өз қалағандарымызды іріктеп алып, демалуға жібергенбіз бе?

Спортымыз дамуы үшін алдымен инфрақұрылымдарымыз сай болуы керек. Бізде оған да ақша жұмсалмайды. Стадион, футбол алаңдары болмаса, балалар қайда ойнайды? Мектептердің спортзалдары мен алаңдарын жалға беру басталғалы бері, балалардың сабақтан тыс уақытында футбол ойнауы арман болып қалды. Себебі көбісі балалардың тегін футбол ойнағанынан гөрі, сырттан келгендерге жалға беріп ақша тапқанды жөн көреді, - деді депутат.