Прямая трансляция

Астана

Астана

13°C

Дінсіздік идеясы құрдымға кеткенде, оның орнына беріле қоятын дайын балама болған жоқ

Биыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қазақстанның тәуелсіз дамуына отыз жыл толып отыр. Алды-артымызға арнайылап көз салып, алға ұмтылу үшін нысанаға дейінгі мезгілді межелеп, пиғылды пысықтап, қажеттіні құнттап алатын уақыт. Иә, отыз жыл мемлекет үшін көп емес, бірақ  аз екен деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Ғаламның қозғалысы жылдамдыққа шапшаңдық қосып, қарыштап барады.

Дінсіздік идеясы құрдымға кеткенде, оның орнына беріле қоятын дайын балама болған жоқ
Фото взято с сайта kazislam.kz

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының экстремизм мен терроризм қаупінің алдын алу барысына бағыттаған жұмысы, ұйымдастырған іс-шаралары, жүргізген дәрістері, түсіндіру ақпараттары жоғарыдағы талап бойынша өрбіп жатыр деуге келеді. Мақаламызға арқау болған «Дінаралық келісімді нығайтудағы БАҚ үлесі» тақырыбын тарқатқанда спикеріміз арттағы отыз жылға оралып, бүгінмен байланыстырады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Дүрбеленқызы:

«70 жыл бойы атеистік идеологияны дәріптеп келген қоғам үшін дін сұраныстарын қанағаттандыру  оңай болған жоқ. Дәріптеліп келген дінсіздік туралы идеялар құрдымға кеткенде, оның орнына беріле қоятын дайын балама  болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап, нақты байламға келген дүние – мемлекеттің қоғамдық-ұлысаралық келісімді сақтап қалуды ең басты критерий ретінде алып қалуы. Бұл бағытта еліміздің ұстанған позициясы өте дұрыс деп айтуға болады. Мемлекет дін саласында зайырлылық принципін ұстанып, мемлекет пен діннің арасындағы қатынасын анықтады.

1992 жылы 15 қаңтарда  ең алғаш діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң қабылданған болатын. Бұл заңның ішінде конфессияаралық келісім маңыздылығы, діни төзімділік және адамдардың діни нанымдарын құрметтеуді танытатын тезис нақты жазылған.

Егемендіктің алғашқы кезеңінде мәселелер туды. Бірінші, толеранттылық мәселесі, екіншіден, жас мемлекеттің шетелдіктерге шекарасын ашуы, үшіншіден, шетелдік ақпараттардың бақылаусыздығы, төртіншіден, діни ренесанс, бесіншіден, рухани сұраныстардың туындаған сауалдарға дер кезінде жауаптың жоқтығы. Осы жағдайлардың барлығы біздің елдегі жағдайдың поливекторлы бағытта өз бетінше қалыптасуына әкелді.  

Келесі он жылдықта діннен туындаған мәселелердің қоғамға қауіптілігі анық сезіле бастады. Содан кейін мемлекеттік денгейде бірқатар шаралар жасауға тура келді. Мемлекет дінтану саласына бет бұрды. Мектептерде дінтану пәні енгізілді. Дін істері комитеті құрылды. Мемлекеттік деңгейде түсіндіру жұмыстары қолға алынып, жалпы ғалымдардың ізденістері осы салаға бағдарлана бастады. Қоғамдық санада дін туралы дұрыс пікірді қалыптастыру үшін БАҚ-тың маңызы  өте зор болды.

90 жылдары теледидар, радио, газет, журналдарда берілген ақпарат қоғамдағы пікірді қалыптастырудың ең басты көзі ретінде танылған болатын. БАҚ ақпараттық, білім беруші, әлеуметтендіру деген сияқты қызметтерді атқарады.

Ақпарат – қазіргі кезде аса қажетті қызметтердің бірі. Білім беруші    кез-келген ақпаратты бөлісу арқылы, бір шетінен, дінтану саласы бойынша білімді жиыстыру бағытында көп пайдаланамыз. Сонымен қатар бұның тағы да басқа бақылау және қорғау сынды қызметтері бар. Ұлттық қауіпсіздік тарапынан қолданылатын бағдарламалардың негізінде әлуметтік желілерде дін немесе терроризм деген сұраныс бойынша кім қандай аккаунттардан кіретінідігі жөнінде ақпарат бойынша біз барлығын бақылап отыруымызға мүмкіндігіміз бар. Қорғау сынды деген әлеуметтік желілердің белгілі бір мәселелерді шешудің жолдары ретінде немесе әлеуметтік жағдайы төмен топтың мүдделерін сақтау бағыттарында да БАҚ-тың беріп жатқаны көп.

БАҚ-ты кезең-кезеңмен қарастыруға болады. Бірінші кезең, кеңес одағы құлағаннан кейін көптеген теледидар,журналдардың барлығының құлдырау кезеңі. Екінші кезеңі, қайтадан жаңғыру кезеңі, кішігірім болса да ақпарат әлемінің мемлекеттік және жекеменшік түріне ауысуына байланысты басқаша форматқа ие болуы. Үшінші кезең, бұл қазіргі кезең деп айтсақ болады. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық-мәдени реформаның тереңдеуіне сәйкес әлемдік ақпараттың республиканың эфирлік кеңістігіне енуі. Қазіргі кезде көбінесе подкастылар өте танымал.

«Дін» айдары бойынша жарық көрген тақырыптарды саралайтын болсақ, бірнеше бағытта жүрген екен. Бірінші, Қазақстан аумағындағы өмір сүріп жатқан, әрекет етіп жатқан ислам,проваславия,каталицизм сияқты дәстүрлі діндер туралы бірқатар жақсы ақпараттар, материалдар берілген. Ең алғашқы жылдарда жаңалықтардың, ақпараттардың берілуі аз болды.  Екінші, рухани келісім, дінаралық сұхбат, мемлекеттің қауіпсіздігі ,сонымен қатар съездер туралы осындай бағытта Қазақстанның конфессияаралық келісім моделін дәріптейтін мақалалардың тізбегі кетеді. Үшінші, діни секталардың жеке қоғам және мемлекет үшін қауіптілігі деген мәселелерді де қозғайтын мақалалар бар. Төртінші бағыт ретінде діни миссионерлік, олардың негізгі мұраты, қандай зияны бар екені және оны дер кезінде діни сауаттылық арқылы жасамаса, қоғамның қауіпсіздігі үшін қандай мәселе тудыратынын айтып өтетін мақалалар пайда бола бастады. Келесі тағы бір тобы экстремизмнің алдын алу. Келесі, деструктивті әрекеттер, әсіресе көп талқыланатын мәселе:жастар және дін. Сонымен қатар БАҚ-тағы мақалалардың көбісі біздегі саяси мәселелермен де көп байланысты болады. Мысалы, 2011 жылғы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданудың алдында оның жобасы талқыланған мақалаларды көре аламыз.

Ресми БАҚ көздері мемлекеттік мүдде тұрғысынан жазатындықтан, ол ресми ақпараттар өте жақсы. 2013-2017, 2018-2022 жылдардағы мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген қоғамдағы өзекті мәселелерді халыққа жеткізу, соның ішіндегі 2011-2016 жылдардағы террористік актілерді санамаған кезде, жалпы Қазақстан конфессияаралық кеңесінің үлкен сахнасы болып отырғандығын әлемге көрсеттік. Оған елімізде 6 рет болған съезімізді дәлел  ретінде айтуға болады. Сол себептен, БАҚ конфессияаралық, дінаралық келісімді нығайтуға мүдделі.

БАҚ-тың қоғам, мемлекет үшін маңызы зор. Дүниенің дүрмегінде не болып жатқанын жалпы халыққа жеткізетін ақпараттық құралдың орны ерекше. Солай десек те, қазіргі уақытта әр адам төрткүл дүниенің кез-келген нүктесінен ақпарат жеткізуге қауқарлы.
Заманауи технологиялар бізге сондай мүмкіндік беріп отыр. Бұл мүмкіндікті әркім өз мүддесіне пайдаланады. Деструктивті жат ағымдар осы жағын шебер меңгерген. Қармаққа ілініп, тұзаққа түскендердің дені интернет арқылы, видео, ролик, подкастар желісімен жемтік болғандар деуге келеді. Ағылып жатқан ақпараттың ішінен адастырмайтынын талғап оқып, таразылап қарайтын заман бұл. Абайсызда арандап қалмасты ойлаған адам ресми ақпараттарға жүгінгені абзал. Сақтансаң сақтаймын деген! Сақтанайық! Сақ болайық!

Еділ  АНЫҚБАЙ